Қысқы жылыту маусымына әкімдіктердің дайындығын тексеру жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменовтың төрағалығымен өткен жиында жылу беруді қамтамасыз ету жөніндегі жедел және жүйелі шаралар қарастырылып, мынадай тапсырмалар берілді.
Үш күнде барлық энергия нысанын техникалық жағдайына қарай қауіптілік тұрғыдан топтарға бөлу. Неғұрлым осал жылу электр орталықтары мен жылу желілері бойынша бірінші кезекте атқаратын іс-әрекет жоспарын дайындау. Әрі өңірлерде жылумен қамтамасыз ететін нысандардың жағдайын тексеру үшін жедел топтар құрылады. Ал Қаржы министрі мен Қаржылық мониторинг агенттігі әрбір заңды тұлғаның тарифтік сметасы мен инвестициялық бағдарламасына талдау жүргізіп, капиталды сыртқа шығару ықтималдығын тексермек. Сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың бақылау-қадағалау функцияларын күшейтіп, жылумен қамтамасыз ететін нысан иелерінің жауапкершілігін арттыру үшін заңдарға өзгерістер әзірленеді.