Елордада «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің көрсетілімі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Алтайдан Анадолыға» деректі фильмінің көрсетілімі өтті

02.12.2022

Алмағайып заманда Алтайдан Анадолы жеріне көшкен қазақтардың қилы тағдыры. Ұлттық арна 70 жыл бұрын болған қаралы көштің тарихын тізбектеп, сол оқиға куәгерлерінің естелігін түгендеді. Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркияға жер аударған қандастарымыздың өткені мен өмірі туралы арнайы деректі фильм көрерменге ұсынылып отыр. Кеше елордада туындының тұсаукесері өтті.

1940 жылдары Алтай жеріндегі қазақтар қатігез саясатқа шыдас бермей, бас сауғалауына келеді. Қаралы көш мыңдаған адамның өмірін жалмады. Қандастарымыз Тибет, Үндістан мен Пәкістан арқылы өтіп, Түркиядан пана табады. Фильмде ұлт тарихындағы ең ұзақ саналатын осы көштің тарихы баяндалады.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ басқарма төрайымы:

Қай жерде жүрсе де тарыдай шашыраған қазақ өз тарихын да, мәдениетін, тілін де сақтады. Міне соны көрсеткіміз келеді. Сол кез-келген жерде жүрген қазағымыз енді жалғызымыз ғой, сондықтан Түркияда болсын, басқа жерде болсын қалыптасқан кішкентай болсын тарихты түгендеу бүгін Ұлттық арнаның міндетінің бірі.

Шығармашылық топ түсірілім барысында қазақтар алғаш қоныстанған Стамбулдың Зейтінбұрны және Бағжылар ауданына, Ниде аймағындағы Алтай ауылына және Анкара, Измир, Салихлы қалаларында болды. Түрік жеріне алғаш қоныстанған қандастар және көш куәгерлерімен тілдесті.

Азат Рыстанбек, фильм авторы, журналист:

Сол көштің куәгерлері сұхбат берді. Яғни, сол кезде кішкентай ғана бала болған, 10-12 жасар болған кісілер қазір 100-ге жуықтап қалған жастары. Солардың барлығы сол оқиғаларды баяндап тізбектеп айтып берді.

Уфук Екиджи, Түркияның Қазақстан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі аударма:

Қазақтың ақыны Мағжан Жұмабаевтың Тәуелсіздік соғысы кезінде Анадолы түріктеріне қолдау көрсету мақсатында жазған «Алыстағы бауырыма» өлеңі ешқашан ұмытылмайды. Алтайдан кеткен қазақ бауырларымыздың көші Түркияда аяқталды. Осы көштің 70 жылдығында Қазақстанның Түркістан, Алматы сияқты қалаларындағы көшелерге Аднан Мендерестің есімін беру үлкен құрмет.

Деректі фильмнің дүниеге келуіне «Қазақстан» телерадиокорпорациясы мен «Отандастар қоры» мұрындық болып отыр. Деректі фильмнің телевизиялық нұсқасы «Qazaqstan» арнасынан Тәуелсіздік күні қарсаңында эфирге шығады.

Шерхан Жамбылұлы, Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу