Екібастұз қаласындағы жылусыз қалған 58 үйдің жартысына жуығында жағдай қалыпқа келтірілді. Енді мамандар, қалған отыз үйге жылу беру үшін бар күшін салып жатыр. Алты күннен бері қақаған аязда қалтырап отырған Екібастұздықтармен өңірге арнайы барған әріптесім Асылбек Данияр тілдесті.
Жасы жетпіске таяған Сара Мұртазаеваның үйі қазір жарамсыз хәлге түскен. Жоғарыдағы көршісінің жылу батареясы жарылып, пәтерін су басқан. Қазір мұнда ешкім тұрмайды. Иесіз қалған суық үйдің қабырғасы қақырап, терезесіне мұз қатып қалған. Шарасыз ана бүгінде қызының шаңырағында тұрып жатыр.
Сара Мұртазаева, Екібастұз қаласының тұрғыны:
Түнде біреу ожаумен су құйып жатқан сияқты, ойпырмай мынау немене мен кранды өшірмедім бе деп атып тұрып барып жарықты жаққанымда тарс ете қалды. Сосын қап-қараңғы болды. Содан енді қызымның үйіне бардым, мұнда ағып жатыр барлығы сорғалап. Мына үйде жарық деген жоқ. Сол бәрі күйіп кетті. Бірдемені қосуға қорқамын, өрт шығып кетсе... Қашан болатыны, қалай болатыны белгісіз. Мен мына үйді 90 мың зейнетақыма қалай қалпына келтіремін.
Ең үлкен апат болған Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көшесінің тұрғындары әлі де жылуға жарымай отыр. Үш мыңнан астам адам тұратын көпқабатты үйдің бірінде қазір тек егде жастағы адамдар, ер азаматтар ғана қалған. Ал, әйелдері мен балалары Павлодардағы, қала маңында жер үйде тұратын туыстарына кеткен. Мұндағы халықтың айтуынша, қазір ыстық су түгілі суық суға жарымай отыр.
Ал, жылудың проблемасы бір бөлек. Әр пәтерде үш жылыту құрылғысы бар. Барлығы бір мезетті қосылып тұрғандықтан, жарық жиі сөнетін болған.
Балия Оспанова, Екібастұз қаласының тұрғыны:
Алты күннен бері бізде жылу жоқ. Мынаны қараңызшы, сөйлеудің өзі қиын. Күніне бір рет келеді водавоз су әкелетін машина. Соған үлгерсең үлгердің, үлгермесең тағы қалдың.
Мұндағы тұрғындар жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі үшін, жедел бригадаға көмектесіп өздері де атсалысып жатыр.
Асылбек Данияр, тілші:
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы көшесінде орналасқан осы үйдің астында қазір тұрғындар өздері жұмыс істеп жатыр. Өйткені, бүгін алтыншы күн қатарынан жылу жоқ. Мына жылу құбырлары қатып қалмау үшін өздері арнайы жылыту құбырғысын сатып алып, тәулік бойы кезекпен кезек осы трубаны жылытып жатыр.
Қазір қаланың түкпір-түкпірінде жұмыс қыза түскен. Жылусыз отырған үйлердің жанында жылу электр орталығының мамандары демалыссыз қызмет атқаруда. Екібастұздағы төтенше жағдайдың салдырын жою барысын республикалық штабтың басшысы, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр тексеріп жүр. Сондай-ақ, облыс әкімінің уақытша міндетін атқарушы Олег Крук тұрғындарды алаңдамауға шақырды. Барлық тиісті көмек беріледі, дейді.
Олег Крук, Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы:
Қаладағы жарылған құбырлар қалпына келтірілді. Бірақ, жылу беру кезінде, судың қысымынан үйлердегі жылу батареялары жарылып жатыр. Мұндай жағдай кезінде тұрғындардан өз бетінше әрекет етпеуге шақырамыз. 300-ден аса бригада мүшелері жұмыс істеп жатыр.
Қаладағы қоғамдық тәртіп те ерекше бақылауда. Күндіз-түні бос қалған үйлерді полиция қызметкерлері күзетіп тұр. Ешқандай қарақшылық фактісі тіркелмеген. Жауапты органдар тұрғындарға фейк ақпарат таратпау керегін ескертеді.
Асылбек Данияр