Қостанай облысы Федоров ауданының орталығындағы жалғыз қазақ мектебінде жылу мардымсыз. Сондықтан, 130 оқушы қашықтан білім алуға мәжбүр. Ал, білім ошағының жанындағы балабақшаға 40 баланың төртеуі ғана барып жүр. Көбіне суық тиіп ауырып жатыр.
Федоровтағы қазақ орта мектебінің ғимараты осыдан он жыл бұрын бой көтерген. Содан бері білім ордасы жөнді жылынбайды. Биыл тіпті азынап, сабақ өткізу мүмкін болмай қалған. Бұған дейін көмір жағып келген мектеп қазандығы жуырда жаңғыртылып, көгілдір отынға көшіпті. Газбен жанатын қазандықтың қосылғанына үш күн өтсе де жағдай қиын болып тұр.
Мира Алмасбекқызы, ауыл тұрғыны:
Екі күн мектепке келеді балам. 10 күн ауырады. Үш күн мектепке келеді, 20 күн ауырады.
Аудан басшылығы келеңсіздіктің бәрін мердігердің жауапсыздығынан көріп отыр. Дегенмен кемшілікті біртіндеп жойып, жағдайды қалыпқа келтіреміз деп сендірді.
Рамиль Валеев, аудан әкімінің орынбасары:
Мойындаймыз. Мәселе бар. Оны шешу керек. Оны шешеміз. Қалай болса да қолымыздан келгенше бүкіл бар шараларын істейміз. Қолданамыз.
Дәуренбек Әбдібек