Екібастұздағы апат: Бірнеше үйде әлі де жылу жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Екібастұздағы апат: Бірнеше үйде әлі де жылу жоқ

04.12.2022

Тура бір апта өтсе де, Екібастұздағы апат әлі ес жидырар емес. Бірнеше үйде жылу жоқ. Ауыз суды тасымалдап алып отыр. Жылудан тұтас ажыратылған үйлердің бірінші және екінші қабатындағы пәтерлерде батареялары жарылып кеткен. Көбінің иесі жоқ. Сайран Төлеутаев алдымен отбасын көшірді. Тегін таратылған тоқ пешті қосып, өзі бір бөлмеде қалды. Бірақ әбден жаурады. Өйткені, жарықтың өзі жиі сөнеді.

Сайран Төлеутаев, қала тұрғыны:
Түні бойы жарық болған жоқ осында. Мына батареялар бүтін болатын. Таңертең тоғызда келгенімде мінекей қатып қалған барлығы. Зал, ас үй, жатын бөлмеде бәрі жарылған.

95 жастағы Нина Власова жалғыз тұрады. Жайлы жерге көшіруден бас тартқан. Кейуана үйіме кері қайта алмай қаламын деп қауіптенеді.

Нина Власова, қала тұрғыны:
Бес күн болды. Жылу жоқ. Киіммен ұйқтаймын. Электр жылытқышпен отырмын. Ешқандай көмек қажет емес. Жылуды тез берсе екен.

Апат салдарынан станса үш қазандықпен қалды. Қазір 6-ы жұмыс істеп тұр. Орталық магистральдегі негізгі ақау жөнделді.

Вадим Лесин, «ПавлодарЭнерго» ЖШС директорының міндетін атқарушы:
Орталықтан жылу 93 градус ыстық күйінде шығып, қайтқанда 57 градус болып келеді. 6-шы қазандықта 35 атмосфера, температура 435, будың шығыны сағатына 75 тонна. Бұл өлшемдер станция жұмысында ауытқушылық жоғының айғағы.

Бірақ, ішкі желілерден ақау шыға бергені жағдайды қиындатты. Шіріген құбырлар қысымға шыдас бермей қайта-қайта жарылады. Кейбір аумақтарда қатып қалған. Төзімі таусылған тұрғындар астынан от жағып жылытуға әрекет жасап жатыр. Қуануға әлі ерте.

Болат Аманбаев, тілші:
Орталық магистральге ыстық су толтырылған. Бірақ міне көріп отырсыздар көпқабатты үйлерге апаратын жылу желілерінде аяқасты ақаулар шығып, су далаға кетіп жатыр. Бұл М. Жүсіп көшесіндегі 73-ші және 75-ші үй. Дәл қазір жылудан тағы ажыратылады.

Апатпен арпалысуға еліміздің бірнеше қалаларынан көмек келді. Үкіметтік жұмыс тобы құрылды. Жедел штаб бастапқыда мәселе бір-екі күнде шешіледі деп ақпарат таратқан. Бірақ екі күннен соң қайта ушықты. 150-ге тарта көпқабатты, 90-нан аса жер үй жылудан ажыратылды. Апаттың себебі нақты айтылмай, тұрғындар арасында әбігер басталды. Қала эвакуацияланады деген қауесет тарады. Дәл осы кезде Екібастұзға Үкімет басшысы келді. Перемьер-министр оқиғаның себеп салдарын, кінә кімнен, кінәрәт неден болғанын жіліктеп берді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Негізі бұл апаттың себебі, ол мынау желілердің тозығы және ТЭЦ-тің басқару жұмыстарының сәтсіздігі. Және тиісті инвестициялардың салынбағаны. Енді осы ТЭЦ-тің иелерімен біз тиісті жұмыс жасап осы жылыту маусымын олар толығымен ТЭЦ-тің және жылу желілерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуі керек. Қазір тиісті тергеу жұмыстар жүргізілуде және осы апатқа себеп болған адамдар жазаға тартылады.

Осыдан кейін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов қызметінен алынып, жедел штабты басқару Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға жүктелді. Өңірдегі өндіріс орындарындағы арнайы техника мен жұмыс күшін мобилизациялауға шешім қабылданды. Бұрынғы айтылған мәліметтер тағы өзгерді. Мәселен, апат кезінде желі 73 жерден тесілген. Оның 43 алғашқы күні, тағы 30 келесі күні болған. Ал, бұған дейін не бары 15 ақау шықты деп ақпарат таратылды. Жылусыз қалған үйлердің саны да 17 емес, үш есе көп болып шықты.

Роман Скляр, ҚР Премьер- министрінің бірінші орынбасары:
Жылусыз қалған 58 үй бар. Олардың бәрі Мәшһүр Жүсіп көшесінде. Қазір 5-ші Б және 6-шы шағын аудандағы 41 үйге жылу біртіндеп беріліп жатыр. Ал, ертең жылудан толық ажыратылған көпқабатты 17 үйге жылу қосуды бастауды жоспарлап отырмыз.

Роман Скляр таратқан тағы бір тың мәлімет. Жылу электр орталығы жылудың қысымын күрт көтеріп жіберген. Негізі басты себеп осы. Неліктен? Кім рұқсат берді? Енді оны арнайы құрылған комиссия анықтайды. Ал, осы салада тәжірибесі бар мамандардың да өз пікірі бар.

Тоқболат Қанқин, сарапшысы:
Мына акционер ТЭЦ-тің олар біздің қаладан ақшаны алу-алу, ақшаны салған жоқ. Ешқандай инвестиция болған жоқ. Оның түгелін біздің әкімшілік те, мына антимонопольныйда бәрін көріп біліп тұрды. Бірақ ешқандай шара қолданған жоқ. Оның түгелін біздің министрлік те көрді. Облыс әкімшілігі де көрді, қалада не болып отырғанын. Мына қала әкімінің сөзі өтпейді мына ТЭЦ-қа , олар соған бағынбайды. Мынандай акционер тұрғанда Клебанов сияқты.

Үкімет басшысы келіп кеткен соң Жылу орталығын мемлекет меншігіне қайтара саламын деп күшейген кәсіпорын иесі Александр Клебанов айылын жиды. Тұрғындардың шығынын түгелдей өтеп, апаттың қайталанбауы үшін қажетінше қаржы салатынын мәлімдеді. Ал, шаһар басшысы жылыту маусымына әзірліктің шала болғанын мойындады. Тіпті, мәліметтерді ашық айтуға көшті.

Аян Бейсекин, Екібастұз қаласының әкімі:
Осы жылы мына жасаған үш шақырым жылу желілерінің күрделі жөндеуінен 600 метрі ғана жасалды, өкінішке орай.

Екібастұз жылу электр стансасы 2007-ші жылы жекеменшікке берілген. Монополист содан бері сөлін сорып, құр сүлдерін қалдырған. Бірақ енді дәл осы күйінде мемлекетке ысыра салуына жол берілмейді.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Ал, мына қазіргі төтенше жағдайға жеткізген иелеріне, ол деген жеңілдік бергеніміз бе? Сол себептен қазіргі апат жағдайды бірігіп шешуіміз керек олармен бірге. Олар да қаражатын салу керек, желілерді дайындап, дұрыс қалпына келтіріп, солай алу керек. Сол себепті біз ойланамыз қалай жасайтынын.

Елді әбігерге салған апаттың болары анық еді. Себебі, шағын шаһар тұрғындары мен қоғам белсенділері соңғы үш төрт жылдан бері алдын алу керек - деп дабыл қақты. Алайда, естіген құлақ, ескерген жан болмады. Ақыры, төтенше жағдайға әкеп соқтырғанда ескертуді елемегендер Екібастұзға ағылды. Тұрғындардың ендігі тілегі апатты жағдай қайталанбаса дейді.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу