Қазақ-француз байланысы бұрыннан бекем. Францияның Орталық Азия елдерімен жасаған сауда-саттығының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Ел экономикасына 17 миллиард доллар инвестиция құйды. Біздегі француз компанияларының саны 170-тен асады. Бұл сан тағы да өсуі мүмкін. Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қасым-Жомарт Тоқаевты жоғары құрметпен қарсы алып, ынтымақтастықты дамытудың перспективаларын талқылады.
Жаһандық қиындықтарға қарамастан Франция Қазақстанмен байланысты тоқтатпайды. Керісінше, әлемге әйгілі алпауыт кәсіпорындар біздің елге қомақты қаражат құюға дайын. Алдымен, энергия. Төрткүл дүниені тығырыққа тірегелі тұрған тапшылық. Бұл проблема Қазақстанда да бар. Энергия қауіпсіздігіне шұғыл кіріспесе болмайды. Президент сапарында қол жеткен ірі келісімнің бірі осы.
Францияның «Total Eren» компаниясы Балқаш маңына жел паркін салады. Қуаты 1ГВт. Яғни елдегі энергия өндірісін шамаман 50 пайызға дейін арттырады. Станция алдағы бес жылда пайдалануға берілмек. Болжамды құны 2 млрд долларға жуық. Жоба жүзеге асатын болса, Қазақстанда алғаш рет жел электр станциясы электр қуатын жинақтау жүйесімен толықтырылады. Демек, бұл бірегей бастама.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Біраз уақыт керек. Бір ГБТ деген ірі компания. Ондай құрылыс болмаған тарихымызда. Өйткені үлкен станция. Және басқа да компаниялар мысалы, уран өндірісімен айналысаиын «УРАН» деген компаниямен бүгін меморандумға қол қойылды.
Қатынастардың локомативі - көлік-логистика. Қазақстанның транзиттік әлеуеті зор. Қазір транскаспий арқылы жаңа жолдар салуды бастап жатыр. Көрші елдермен келісім бар. Ал Франция Қазақстанды Еуропа мен Азияны жалғайтын көпір ретінде көреді. Логистиканың балама жолы – біздің транскаспий.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Еуропаның идеологиясы - осы жолды дамытуға бізге көмектесуге дайын. Біз де қаржы салуға дайынбыз. Сондықтан осы жолды дамытсаңдар біз де инфрақұрылымды дамытуға ақша салуға дайынбыз деген.
Ұлттық қауіпсіздік. Әскери салаға қажет парашюттар үшін енді импортқа тәуелді болмаймыз. Қазақстан Францияның «Safran» компаниясымен келісімге келді. Олар бізге технологиясын береді. Жылына 1800 данасы шығарылмақ. Ол ішкі нарыққа жеткілікті. Бұрын-соңды елде парашют мүлде шығарылмаған. Жаңа бағыт.
Ержан Әбесінов, компания құрылтайшысы:
Осыған дейін біз парашюттарды Ресей Федерациясынан алып келдік. Енді ол тәуелділіктен арыламыз. Бұған қол жеткізу үшін екі жыл күттік. Бастысы бұл келісім бізге ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды.
Ал атақты «Alstom» компаниясы теміржол инфрақұрылымына 50 миллион еуро инвестиция салуға ниет білдірді. Электровоздар мен жабдықтар шығарып, сервистік қызмет көрсету жобаларын іске асыруға дайын.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасы:
Мамандар даярланады, кәсіпорын кеңейді. Жұмыс орындары жаңадан пайда болады. Экономикамызға салық түседі. Импорттан тәуелділігіміз азаяды. Бұл зауыттың төңірегінде орта және кіші бизнес дамытуға мүмкіндік болады. Біреулер саймандар шығарады, басқа да құрал-жабдықтар шығаруға мүмкіндік болады.
Осылайша, Мемлекет басшысының сапары барысында тек экономикалық бағытта 25 құжатқа қол қойылды. Құны кемі 3 млрд доллардан асады. Бұл инвесторларға Қазақстан икемді ел екенін көрсететін айшықты факт. Президент бизнес ахуалды жақсарту үшін заңнамаға тағы да өзгертулер енгізуге дайын екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қолданыстағы тасымал тізбегінің үзілуіне қарамастан біздің экспортымыз 50 пайызға өсті. Биылғы жарты жылда шетелдік серіктестеріміз экономикаға 15 миллиард доллар инвестиция құйды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 30 пайызға көп. Алдағы 7 жылда біз 150 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясын тартуды жоспарлап отырмыз. Қазақстан Орталық Азиядағы ең тартымды ел болуы үшін инвестициялық саясатымызды үнемі жетілдіріп отырамыз.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Орталық Азиядағы Қазақстан мен кәрі құрлықтағы Франция. Картамен қарасаң алыс. Бірақ, қарым қатынаста жақын. Серіктестікке әлі де серпін беріледі. Оған дәлел – миллиардтаған меже. Ресми сапардың ресми қорытындысы осы.
Асима Нұрбайқызы