Сарығаш ауданындағы Көктерек ауылында шипажайлар саны артып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарығаш ауданындағы Көктерек ауылында шипажайлар саны артып келеді

06.12.2022


Отандық туризмді дамыту үшін Түркістан облысы Сарығаш ауданындағы Көктерек ауылының инфрақұрылымы толығымен жаңартылмақ. Себебі минералды су шығатын елдімекенде соңғы бес жылда шипажайлардың саны екі есе көбейген. Қазірдің өзінде ауылдағы электр энергиясының желілері ауыстрылып жатыр. Алдағы уақытта ауданда емдік-сауықтыру орталықтарының саны бұдан да артпақ.

Сарыағаштағы шипажайларда демалушылар қатары көбейген. Минералды суымен танылған өңірге еліміздің барлық аймағынан тұрғындар келіп, ем алады. Жұбайымен бірге демалып жатқан Есболат Сейдахметов мұнда жыл сайын келетінін айтады.

Есболат Сейдахметов, Маңғыстау облысының тұрғыны:
Келгенімізге үш күн болды. Ем-домдары жақсы. Мына жерде өзі Сарыағаштың суы бар минералды суы, содан ішеміз.
Мұстафа Өмірзақұлы, шипажайдың бас дәрігері:
Демалушыларымыздың саны жылдан жылға көбейіп жатыр. Бүгінгі таңға есептесек 660 демалушымыз бар. Маусым кезінде 880-900-ге дейін демалушылар қабылдаймыз. 
Көктеректе шипажайлардан бөлек балалар сауықтыру лагері мен 30-ға тарта қонақ үй бар. Жылына 100 мыңдай турист келеді, жаңа нысандар көбейген сайын жұмыс орындары ашылатыны белгілі. Десе де елдімекенде жарық жүйесі ескіріп, жел тұрса сөніп қала беретін болған. Бағаналардың сапасы сын көтермейді. Ал биыл республикалық бюджеттен 446 млн теңге бөлініп, желілер жаңартылып жатыр.

Қонарбай Жәнібеков, учаске бастығы:
1200-300 опора қоямыз. 15 трансформатор. Оның ішінде 400-250-лігі бар. 100-дігі бар. Осы СИБ кабельмен ауылдың электр жүйесін жаңартып жатырмыз.
Кенттегі ауыз су жүйесі өткен жылы күрделі жөндеуден өтіп, қолданысқа берілген. Келер жылы кәріз жүйесін жаңарту жоспарда бар. Қазір арнайы жоба жасалып, тиісті басқарманың қарауына ұсынылған.

Мұрат Байғабылов, Сарыағаш аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Жоба сараптамадан шығатын болса, тәулігіне 3100 кубты тазарту жұмыстарымен айналыса алатындай сондай кәріздік тазарту станциясын құдай қаласа екі жылдың ішінде қолданысқа береміз ба деп отырмыз.

Өңірде туризм саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Саяхаттаушылар көп келетін аймақтарға жол мен қонақүй салу, инфрақұрылымын жақсарту басты назарда. Ал, жауапты басқармалар мен мен әкімдіктерге саланы жүйелі дамыту бойынша стратегиялық жоспар жасау жүктелген. Айта кетейік, жыл басынан бері облысқа 1,5 млн-нан аса турист саяхаттап келген.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу