Қостанайда осыдан алты ай бұрын пайдалануға берген жаңа үйдің тұрғындары жаурап отыр. «Аязды күндер басталғалы бойымыз бір жылымады» дейді пәтер иелері. Іштегі ауа температурасы 9-10 градустан аспайды. Соның салдарынан тұрғындардың бірқатары арман болған баспаналарына қона алмай, туған-туыстарының үйін жағалап жүр.
Раушан Жәзитова бес жыл күткен баспанасында жайлы тұрмыс кешу мүмкін болмай пұшайман боп жүр. Терезеден жел гулеп, мұз қатады. Электр жылытқыштан да қайыр жоқ. Үнемі күйіп кетеді. Тұрғын үй табиғи газға да қосылмаған.
Раушан Жәзитова, қала тұрғыны:
Ыстық су мүлдем жоқ. Жуына алмаймыз. Басқа жерге барып жуынамыз. Әр үйге барып қонамыз. Жату мүмкін емес. Кішкене шәй ішіп жүреміз, тағы бір жаққа кетеміз.
Юбилейный ықшам ауданындағы бұл үйде 60 пәтер бар. Соның тең жартысында жылу мардымсыз. Тұрғындар коммуналдық төлемге қарыздары болмаса да қызмет көрсету сапасының төмендігіне қынжылады.
Сағила Жәкенова, қала тұрғыны:
Үйіміз суық, құбырға дұрыс жылу бермейді. Міне, осындай аумаққа үш қана батарея. Ол жылыта ма осындай аумақты? Киіммен жүрем, киіммен ұйықтаймын, бас киім киіп алам тағы. Осы дұрыс па?
Жауапты мамандар бұл үйдің құрлысы тиісті мерзімінде аяқталмай созылып кеткенін айтады. Үш мердігер ауысқан. Соның салдарынан жылу желісінде ақау кеткен.
Сақтаған Мұстафин, Қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
Үйдің ішіндегі желіде ақау бар деп ойлаймын. Себебі жылу тиісті деңгейде беріліп тұр. Яғни, үй ішіндегі жылу құбырлары бітелген. Қазір қызмет көрсетуші компания оны тазалаумен айналысып жатыр.
Қызмет көрсетуші компания үйдің жылу жүйесі алдағы екі күнде ретке келтіріледі деп сендірді. Соның арқасында пәтерлерде ыстық су да пайда болады. Қажетті құжаттар әзірленгесін бір ай көлемінде табиғи газ да берілуі тиіс. Ал құрылыстан кеткен ақауды мердігер кәсіпорын өз есебінен жөндейді. Жаңа нысанның үш жылға дейін кепілдігі бар.
Дәуренбек Әбдібек