Шығыста туризм саласы тұралап тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыста туризм саласы тұралап тұр

09.12.2022

Пандемиядан соң елдегі туризм саласы әлі дұрыс серги алмай келеді. Осы бағытта іс бастаған кейбір кәсіпкерлер банкрот болса, 80 пайызының табысы азайып кеткен. Туризмнің барлық бағытында әлеуеті мол Шығыс Қазақстанның өзінде бизнестің бұл түрі қарқын алмай тұр. Себебін Олжас Керейхан анықтап көрді.

Александр Чиликин туризм саласындағы бизнесін 2005 жылы бастаған. Осы күнге дейін демалыс базасы мен шаңғы тебуге арналған бірнеше қанатты жол салған. Инвестордың көмегімен кәсібін кеңейткісі келеді. Бірақ бұл ойын жүзеге асыруға кедергі көп.

Александр Чиликин, туристік база директоры:

Инвестор тарту қиын. Демалыс базамыз орман қорының аумағында орналасқан. Сондықтан бізбен серіктес болып, инвестицияға ақшасы бар кәсіпкер тәуекелге барғысы келмейді. Бұл жердегі демалыс үйлері мен мына аспалы жолдағы заттарды банкке кепілдікке де қоя алмаймыз.

Шығыста туризімді дамыту үшін бұған дейін талай жоба жасалды. Тур агенттіктер кез келген саяхатшыны қалаған бағыты бойынша алып жүруге дайын. Тек Өскемен маңында 50-ден аса демалыс базасы бар. Бұл орындарға арнайы келетін қонақ та аз емес. Арасында шетелдіктер де бар.

 Олжас Керейхан, тілші:

Шығыстың тұмса табиғаты талайды тамсандырады. Сондықтан осы сұлулыққа сұқтануға келетін шетелдіктер ғана емес өз еліміздің азаматтары да көп. Бірақ туристердің көбі мұндай жерге жете алмайды. Себебі жол нашар инфрақұрлым жоқтың қасы. Сапалы қызмет көрсету өз алдына.

Облыстағы туризм саласын тез дамыту үшін ең әуелі турис көп келетін бағыттарды анықтап, инфрақұрылымды жақсарту керек. Осы салада соңғы 8 жылдан бері еңбек етіп жүрген Әйгерім Әбетжанованың ұсынысы осындай. Одан бөлек, туристік нысандар жыл он екі ай жұмыс істейтіндей жағдай жасау керек, деп санайды. Өйткені осы бағыттағы іскер азаматтардың көбі туризмді маусымдық табысқа ғана айналдырып отыр.

Әйгерім Әбетжанова, туристік агенттік өкілі:

Қалай дұрыс болады? Қай жерде көбірек көңіл бөлу керек. Оның бәрін білеміз. Біз оны айта аламыз. Оны тыңдайтын құлақ болса дейміз.

Былтырдан бері аймақта этно туризмді дамытқысы келетін кәсіпкерлерге 500 мыңнан 1 миллион теңге аралығында грант беріле бастады. Қатонқарағай ауданында 18 отбасы грантқа ие болды.

Марат Қабақов, Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары:

Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша 5 миллион теңгеге дейін гранттар бөлінеді. Бірақ тек туризм ғана емес, басқа да салаларға бөлінеді.

Айдынды Алакөл. Маусымнан қыркүйекке дейін мұндағы демалыс орындарынан туристер үзілмейді. Бірақ бұрынғымен салыстырғанда соңғы жылдары турист саны айтарлықтай азайған. Өйткені жету үлкен азап. «Өскемен-Алматы» бағытындағы автокөлік жолының әлі астаң-кестеңі шығып жатыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу