Франция соты Мұхтар Әбләзовтің саяси панадан айыру туралы шешіміне қарсы апелляциясын кері қайтарды. Бұл туралы қазақстандық басылымдар Францияның Баспана жөніндегі ұлттық соты жариялаған құжатқа сүйеніп, хабарлай бастады. Ал Әбләзов әлеуметтік желілердегі парақшаларында бұл шешіммен келіспейтінін және ары қарай күресетінін мәлімдеді.
Франция қазақстандық экс-банкирге 2020 жылдың қыркүйегінде саяси пана берген еді. Кейін ресми Париж Қазақстан, Ресей, Украина билігінің Әбләзовті экстрадиялау туралы өтінішін қабылдамады. Алайда 2021 жылы Францияның Мемлекеттік Кеңесі «БТА Банк»-тегі алаяқтық схемалары бар болуы себепті ол босқын мәртебесін ала алмайды деген тоқтамға келіп, саяси пананың күшін жойды. Қазақстан соты Әбләзовті сырттай 20 жылға, кейін өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы шешімдер шығарған еді. Оған миллиардтаған доллар жымқырғанымен қоса, 2004 жылы бизнес серіктесі, «Тұран әлем» банкінің басшысы Ержан Тәтішевтің өлімін ұйымдастырды деген айып тағылып отыр.
Альбина Әшім