Мұз құрсауланған баспана. Қостанайда жаңадан салынып жатқан үйдің төбесінен аққан су пәтер ішінде мұз бағана болып қатып қалған. Онсыз да мерзімінен кешіккен құрылыстан ақау шыққанына салымшылар алаңдаулы. Олар бірнеше жыл күткен баспана сапасыз болып, тағы да сарсаңға түсеміз бе деп қорқады.
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Мына бөлмеге кіргенде мұз патшалығына тап болғандай әсерде қаласың. Төбеден аққан су қабырғаға, еденге, тіпті терезенің жақтауына да мұз баған болып қатып қалған. Бұл жаңадан салынып жатқан Қонай шағын ауданындағы 21-аудан, 3-үй, 36-пәтер. Осы екі бөлмені де тап осылай мұз басып жатыр.
«Қонай» шағынауданында мемлекеттік бағдарламамен 30 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Оның 19-ының құрылысы биыл аяқталуы тиіс еді. Бірақ мемлекеттік комиссия небәрі 12 үйді ғана қабылдап алған. Қалғаны қашан пайдалануға берілетіні белгісіз. Мұз қатқан пәтер кезегін күтіп сарылған салымшылардың күдігін қоюлата түсті.
Жанболат Кенжеғұл, салымшы:
Бұл үйлердің құрылысындағы кілтипандар, мәселелер біздің алаңдаушылығымызды тудырып отыр. Ол негізсіз де емес. Мүмкіндігінше жауапты орындар осыған назар аударып, бақылауға алуын өтінемін.
Бүгін арнайы мамандар мен әкімдіктің қызметкерлері келіп, апаттың себебін тексерді. Үйдің ішіне мұздың қатуына жоғарыдағы пәтердің жылу жүйесінен кеткен су себеп болыпты.
Тимур Гурянь, кәсіпорынның бас инженері:
Бұл жерде қорқынышты ештеңе жоқ. Әрі кетсе бір апталық жұмыс. Мұзды ойып шығарамыз, жылуды қосамыз. Үйдің конструкциясына еш залал келмейді.
Пәтерге мұз қатқан үй әлі пайдалануға берілмеген. Құрылысы да тоқтап тұр. Жұмысты мойынына алған мердігер компания өз міндеттемесін орындамапты.
Ержан Сүндетов, қалалық құрылыс бөлімі секторының меңгерушісі:
Қазіргі уақытта мердігермен біржақты келісімшарт бұзылды. Жаңа мердігерді анықтауға конкурс жарияланды. Ол анықталғасын барлық қалпына келтіру жұмыстары басталады.
Әлі мердігер анықталмағандықтан бұл үйдің құрылысы қашан толық аяқталарын да тап басып айту мүмкін емес. Әйтеуір бастапқы жоспарға сәйкес Қонайдағы 30 көпқабатты үй 2023 жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс.
Дәуренбек Әбдібек