Кеңейтілген отырыста экономикалық салаға қатысты міндеттер айқындалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кеңейтілген отырыста экономикалық салаға қатысты міндеттер айқындалды

12.12.2022

Енді азаматтарға кепілсіз кредит беру қатаң реттеледі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қаржы саясатына қатысты бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаев миллионнан аса адамның банк алдындағы берешегін өтеуге жағдайы жоқ деді. Сонымен бірге банктер Ұлттық банктен ноталар сатып алатын болса, салық төлеуге міндеттелуі мүмкін. 

Президент Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шараларын бұған дейін де «тиімсіз» деп атаған. Инфляция күрт өсіп, ал экономикалық деңгейдің керісінше төмендеп кеткенін бұл жолы Үкімет отырысында тағы еске салды. Мысалы, биыл саладағы өсім деңгейі 4,6 пайыздан 2,7 пайызға дейін түскен. Ал инфляция 19,6 пайызға жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Халықтың әл-ауқатын жақсарту керек. Негізгі тағам өнімдерінің қымбаттауы инфляцияның өсуіне себеп болып жатыр. Азық-түлік инфляциясы 24 пайыздан асты. Тұрғындардың ақшалай табысының өсу қарқыны соңғы 5 жылдағы ең төмен деңгейде тұр. Елімізде қағаз жүзінде жұмыс істейтін, уақытша жұмыс істемейтін, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен қамтыған және жұмыссыз деп көрсетілген 900 мыңға жуық адам бар.

Бізде қымбатшылыққа жол бермеу үшін тұрақтандыру қорлары құрылған. Бірақ іс жүзінде тауар бағасы шарықтап тұр. Мәселені шешу үшін алдымен тауардың негізгі өндірушісі кәсіпкерге жеңілдетілген несие беруді экономистер жиі айтып жүр. Ал премьер-министрдің әлеуметтік мәселелер жөніндегі жаңа орынбасары елдегі өндіріске шынайы қолдау қажет деп есептейді.

Алтай Көлгінов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Ол жерде ұзақ мерзімді кредиттер беру керек. АШМ әкімдермен бірге әр өңірде тиісті әлеуеті бар. Өзімізде өндіретін болсақ, сонда бағаларды төмендету немесе тұрақтандыру септігін тигізе аламыз.

Президент күзде су тегін болатын азық-түліктің көктемде шарықтап шыға келетінін айтып, бағасы бірнеше құбылған көкөніс пен қантқа қатысты жағдайды жауаптылардың есіне мықтап салды. Мәселе, әсіресе тауар сақтайтын қоймаларға қатысты. Көкөніске орын болмаған соң, шаруалар оны егіс басынан тікелей сатуға мәжбүр. Мемлекет басшысы қойма салу ісін тездетіп қолға алуды жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мұның шешімі біреу ғана – қойма инфрақұрылымын жасау керек. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс баяу жүріп жатыр. Азық-түлік бағасын өсірмеу үшін негізгі бағыттар бойынша нақты жұмыс жүргізу керек. Өнімнің өзіндік құнын төмендету, қажетсіз делдалдан арылу туралы біз бірнеше рет айттық. Сауда желілерін қолжетімді етіп, айналымға қаржы салу үшін арзан несие беру тәсілін де қолдануға болады. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды.

Сонымен бірге сыртқа кеткен капиталды қайтаруға да ден қойылып отыр. Президент инаугурациядан кейін заңсыз шығарылған барлық активті қайтаруға қатысты жарлыққа қол қойған. Бас прокуратураның жанынан арнайы комиссия құрылды. Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыс нақтыланғанын жеткізіп, істің тиімділігі артады деп сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазір жеке меншікке заңсыз өтіп кеткен активтерді қайтаруға баса мән беріліп отыр. Бірақ кейбір мәселелер назардан тыс қалып барады. Экономикаға мемлекеттің қатысуын азайту, монополистерді өзіне жанама қатысы бар нарықтың қызметіне араластырмау – өте маңызды жұмыс. Әкімшілік кедергілерді азайтып, нарыққа баға белгілеу арқылы қысым жасауды тоқтату керек.

Бұдан былай екінші деңгейлі банктер Ұлттық банк ноталары арқылы табыс тапқысы келсе, салық төлеуге міндеттеледі. 1 қаңтардан бастап «Жеке тұлғаларды оңалту және банкроттық туралы» заң күшіне енуі керек. Қасым-Жомарт Тоқаев қаржылық жүйені реттеу туралы да тапсырма берді. Экономистер бұл банктерді халыққа емес, бизнеске көбірек несие бөлуге бағыттау үшін жақсы мүмкіндік деп санайды. Өйткені елде тұтынушылық несиенің көлемі кәсіпкерлікке берілетін қарыздан көп.

Мақсат Халық, экономист:

Екінші деңгейлі банктер артық қаражаты болса, Ұлттық банк ноталарына салып қоятын әдеті бар деді. РЕПО дейтін операциялар бар. Сол жерде отырып, табыс таба береді. Өйткені базалық мөлшерлеменің өзі жоғары. Ал ондай оп-оңай келіп тұрған табыс тұрған кезде қандай екінші деңгейлі банк тәуекелге барып, бизнесті қаржыландырғысы келеді?! Демек, бұл дұрыс емес.

Мемлекет басшысы Ұлттық қордағы ақшаны үнемдеуге шақырды. Ондағы қаржыны 7 жылда 100 млрд долларға жеткізуді міндеттеді. Дегенмен қордың кірісі өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Норвегия мен Сингапурдағы жағдайды үлгі еткен Президент біздегі қордың жылдық табысы 10 жылда небары 1,6 пайыз болғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әрбір азамат – ұлттық байлықтың иесі» деген сөз жай ұран емес. Бұл нағыз халықтық, қоғамдық бақылаудың басталғанын білдіреді. Үкімет те, Ұлттық банк те мұны жете түсінуі керек. Ұлттық банкке Үкіметпен бірлесіп, Ұлттық қорды басқару ісін жетілдіру туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын. Онда мен айтып өткен кемшіліктер түгел ескерілуге тиіс.

Ал проблемалық кредиттің көлемі жарты триллион теңгеге жеткен. Миллионнан аса адамның банк алдындағы берешегін өтеуге жағдайы жоқ. Президент олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр екенін айтты.

Ақерке Бектас, тілші:

Президент кепілсіз онлайн-микрокредит беруді қатаң реттеуді жүктеді. Кейбір елдерде оған толық тыйым салынғанын атап өтті. Рас, елде кредиттің өсімпұлы бір бөлек, тіпті артық комиссия алып, заңсыз айыппұл салуды көздейтін қаржы ұйымдары бар. Бұған дейін оларға 103 млн теңгеден аса айыппұл салынған. Енді 90 күннен аса мерзім қарызын қайтармай жүрген борышкерлерге «кредитті шектеу» тетігі енгізілуі мүмкін. Мемлекет басшысы жақын арада тиісті жарлыққа қол қоятынын жеткізді.


Ақерке Бектас

Хабарламаларға жазылу