Ал Бурабай кентіндегі көпқабатты үйлердің тұрғындары пәтеріміз салқын деп шағымданып отыр. Екі апта бұрын аязды күндері суып кеткен үйлер әлі де жылынбаған. Тұрғындар мұның себебін білмей дал. Ал әкімдіктегілер пәтер иелері бірігіп, жылу мәселесін өздері шешу керек дейді.
Людмила Позднякова 97 жастағы анасымен бірге пәтердің бір бөлмесін ғана паналап отыр. Басқасын жауып тастаған, себебі суық. Үйде қабат-қабат киіммен жүреді. Көршілерінің де жағдайы осындай. Барлығы тоқпен істейтін жылыту құрылығысын қолданып отыр.
Людмила Позднякова, Бурабай кентінің тұрғыны:
Біздің үйдің жылу желілері полипропилен құбырларына ауыстырылған. Биыл жазда дайындық жұмыстарын жүргіздік. Құбырдағы суды айналдыратын қондырғы қойдық дейді, бірақ сол істемейтін сияқты. Екі көрпеге оранып ұйықтаймыз.
Тұрғындардың айтуынша, жылудың көп бөлігі қонақүйлер мен шипажайларға беріліп тұр. Сондықтан үйлердегі температура төмендеп кеткен.
Сара Бекахметова, Бурабай кентінің тұрғыны:
Бөлмелердің жылулығы 15 градус қана. Бір сорғыны әкеп қойды, ол істемейді. Бізді білмейді, түсінбейді деп ойлайды. Қонақүйде ыстық, неге үйлер салқын?
Сүйіндік Әбдірахманов, Бурабай кентінің тұрғыны:
Комиссия келсе, насосты қосып қояды. Үй, тіпті подъездер бірден жылиды. Кеткен кезде насосты алып кетеді. Басқа үйге қосады ол насосты.
Бурабайдағы бес қабатты 30 шақты үйдің алтауы жылуға жарымай отыр. Ал жауапты мекеме өкілдерінің айтуынша, қазандықтан қажетті жылу шығып, үйлерге дейін жетіп тұр.
Виктор Бахмат, жылу беруші мекеменің директоры:
Үйлердің ішкі жылу жүйесі бұзылған. Құбырлар дұрыс ауыстырылмаған. Жылы еден жасап алғандар да кездеседі. Біраз пәтерде ешкім тұрмайды, құбырдағы ауа шығарылмаған. 90 пайыз жағдайда мәселенің туындауына ішкі жылу жүйесінің бұзылуы себеп.
Ерлан Биданов, Бурабай ауданы әкімінің орынбасары:
Арнайы жұмыс тобы құрылды. Әрбір шағым бойынша мекенжайларға барып, мән-жайды анықтаймыз. Тұрғындарға мәселені шешу бойынша кеңестер беріледі. Пәтер иелері бірігіп, жылу мәселесін өздері шешу керек.
Бұрабай кентінің тұрғындары қашанға дейін бұрсеңдеп отыратыны белгісіз. Ал жаңа нысандар жылу жүйесіне қосылмайды деп сендірді жауаптылар. Себебі қазандық толық мүмкіндігінде жұмыс істеп тұр.
Ермек Елберген