Алматы индустриялық аймағының II кезеңін дамыту үшін аумақты 189 гектарға кеңейту жоспарланып отыр. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік басқармасы хабарлады. Жеке кәсіпкерлікті қолдау мақсатында құрылған орталықтың негізгі бағыты - тұрмысқа қажет тауарлар өндіру.
Алматыдағы индустриялық аймақта барлығы 71 жоба іске асырылып жатыр. 2025 жылға дейін 7,5 мың жаңа жұмыс орны ашылмақ. Әзірге 20 компания зауыттарын іске қосты. Солардың бірі - құрылыста пайдаланатын газоблок өндірісі. Жылына 180 мың текше метр өнім шығарады. 80 адамды жұмыспен қамтыған.
Ермек Қуанышев, «СК Рахат» ЖШС қаржы директоры:
Индустриалды аймаққа үлкен рахмет, бізге жер бөлінді. Әр саланың көмегі тиді. Қазақстанда өндірісті көбейту керек, үлкейту керек.
Бүгінде индустриялық аймақта 3 мыңға жуық маман еңбек етеді. Мұнда машина жасау, құрылыс заттары, химия, жеңіл өнеркәсіп тауарлары өндіріледі. «Қазақстанның үздік тауары» байқауында жеңіске жеткен компания да осында орналасқан. Жапсырма шығаратын цех үш жылда мемлекетке 214 миллион теңге салық төлеген.
Дәурен Халмет, «Kaztigertape» ЖШС директоры:
Осы индустриялық аймаққа көшіп келген жылдан бері өндірісіміз көбейіп жатыр. Былтыр 800 тонна өндірсек, биыл 1200 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндігіміз болып жатыр.
Жалпы, қазіргі таңда Алматы индустриалды аймағына қызығушылық зор дейді компания өкілдері.
Жандос Намбаев, «Алматы индустриалды аймағы» ЖШС кәсіпкерлермен жұмыс бөлімінің бас маманы:
Индустриялық аймақта кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Бүкіл инфрақұрылым іске қосылған. 2016 жылдан бері іске қосылған компаниялар жалпы 25 миллиард шамасында салық төледі.
Қазірдің өзінде бұл аймақта 120 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылып, бюджетке 21 миллиард теңге салық төленген. Бұл ретте өндірістік паркті кеңейту кәсіпкерлерді көптеп тартуға бастама болып отыр.
Фариза Мұсақызы