Мектеп жанынан әкелер кеңесі құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мектеп жанынан әкелер кеңесі құрылады

14.12.2022

Бала тәрбиесінде әкелердің рөлі әлсіреп тұр. Ер адамдар отбасын көбіне қаржылай қамтамасыз етеді. Әлеуметтік сауалнама қорытындысы осыны көрсеткен. Материалдық қолдау әрине керек. Алайда әкенің балаға бөлетін уақыты мен мейірімі маңыздырақ. Бірақ бұл ескерілмей отыр. Соның салдарынан елде ажырасу азаяр емес. Баланың әкесіз өсуі, отбасындағы зорлық-зомбылық ұрпаққа кері әсерін тигізеді.

Астанада республикалық әкелер форумында отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұрпақ тәрбиесіндегі ер адамдардың рөлі туралы айтылды. Форумға жиналғандар мәселені шешу жолдарын талқылады. Соның бірі - мектеп жанынан әкелер кеңесін құру. Сонымен қатар елде әкелер күні пайда болуы мүмкін.

Дархан Қыдырәлі, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. Әке-шешесінің, ата-әжесінің тәрбиесін көріп, үлкендерден тағылым алып өскен бала есейгенде отаншыл, білімпаз, еңбекқор азаматқа айналады» дегені белгілі. Бүгін біз Құнанбайдай әкенің тәрбиесін бере алмасақ, ертең Абайдай ұлдарды өсіре алмаймыз. Осыны ел арасында барынша түсіндіріп, насихат ете білуіміз керек.

Әсима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу