Тәуелсіздігіміздің символы - төл теңгеміз тұңғыш рет Тұманды Альбионда басып шығарылды. Бірнеше елдің тәжірибесін зерттей келе мамандардың таңдауы ағылшын компаниясына түсті. Ұлыбританиядағы Ұлттық арна тілшісі Марина Бекенова ұлттық валюта дайындылған сол мекемеде болып, төл теңгемізді басып шығаруға атсалысқан қызметкерлермен тілдесті.
De La Rue - 400 жылдық тарихы бар, әлемнің 140-тан астам елі үшін банкнот басып шығарған компания. Ұлттық валютамыздың тарихын білетін қызметкерлер мұнда әлі күнге дейін жұмыс істейді. Солардың бірі Крис Мэтьюс - студиялық менеджер. Ол отыз жыл бұрын отандық суретшілерімізбен бірге теңгенің бет-бейнесін жасаумен айналысқан.
Крис Мэтьюс, «De la rue» компаниясының студиялық менеджері:
Мынау біздің Қазақстан үшін дайындаған банкноттарымыздың бірінші топтамасы. Мен Абай портретін салуға атсалыстым. Қазақстандық дизайнерлермен бірлесе жасалған жобамызды ерекше мақтан тұтамын.
Компания қызметкерлерінің айтуынша, алғашқы теңгелердің дизайны ағылшындардың стерлинг фунтынан еш кем түспейді. Оған қоса қолдан жасаудан қорғайтын 18 айрықша белгісі бар. Ұлттық валюта қатаң құпия жағдайда енгізілді. Операцияны жүзеге асыру үшін жабық топ құрылды. Дайын болғаннан кейін қап-қап ақша төрт ИЛ-76 ұшағымен Лондоннан Алматыға жеткізілді.
Дебора Смит, «De la rue» компаниясының Қазақстанмен байланыс жөніндегі өкілі:
Мұндай жағдайларда қатаң құпиялық әрдайым сақталады. Мысалы жаңа дизайнды бекіту үшін біз қағаз ақшаны коммерциялық курьер арқылы жібере алмадық.
Кейін Алматыда монета сарайының құрылысы басталып, төл теңгеміз елімізде басып шығарылды. Осылайша Қазақстан - тәуелсіздіктің тағы бір маңызды сатысынан өтті.
Марина Бекенова, тілші:
Ұлттық валюта - есеп айырысу құралы ғана емес, ол кез келген мемлекеттің бет бейнесі. Басқаның валютасына тәуелділік - ол мәңгілік бодандық. Сондықтан төл теңгеміз Тәуелсіздігіміздің тұғыры.
Марина Бекенова