Бельгияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды

15.12.2022

Бельгияда Қазақстанның туристік әлеуеті таныстырылды. Еліміздің осы мемлекеттегі елшілігі Тәуелсіздік күні қарсаңында Брюссельде отандық және шетелдік туроператорлардың кездесуін ұйымдастырды. Ұлттық компаниялар көпшілікке Қазақстанға саяхаттаудың қыр-сырын баяндады. Еуропаның туристік агенттіктері шетелдіктер үшін қазақ еліне сапар ұйымдастыруға құлшынып отыр.

Апорт пен қызғалдақтың отанын, жылқы малы алғаш қолға үйретілген мекенді көруге биылғы 9 айда елімізге 3,5 млн турист келген. Оның 4 мыңы Бельгиядан. Бір жылда 3,6 есеге өскен саяхатшылардың санын одан әрі көбейтуге қос елдің турагенттіктері күш салмақ. Гибридті форматта өткен жиында отандық туроператорлар қазақ елінің бай туристік әлеуетін көпшілікке паш етті.

Эрик Валенн, бельгиялық журналист:
Қазақстан - өте әдемі, алып мемлекет. Елдеріңіздің табиғатын тамашалап, көшпенділер мекендеген киіз үйде тұрып көргім келеді. Мәдениет, тұрмыс-салттарыңызбен кеңінен танысу үшін міндетті түрде Қазақтанға сапарлаймын.

Астана, Алматы мен Түркістаннан бөлек еуропалықтарды Швейцарияны шаң қаптыратын Шарын шатқалы, Көлсай көлі мен Көкшедегі Бурабайдың көркі қызықтырып отыр. Байқоңырды көріп, Каспий теңізінде балық аулап, солтүстіктің сарышұнақ аязында бүркітпен аңға шыққысы келетін бельгиялықтардың да қарасы қалың.

Хавсиа Хеди, туристік компанияның басқарушы директоры:
Қазақстанда көретін, танымыңды кеңейетін мұра көп екен. Табиғаты тамаша. Алып шаһарлар, мұражайлар, экстремалды дүниелер көп. Біз мұның бәрін саяхатшыларға ұсынамыз. Тек Брюссельден елдеріңізге қатынайтын тікелей әуе рейсі болса, жақсы болар еді.

Еліміздің Бельгиядағы елшілігінің қызметкерлері «Брюссель-Алматы, Брюссель-Астана» бағытына тікелей қатынайтын әуе рейсін ашу бойынша қазір еуропалықтармен келіссөз жүргізіп жатыр. Тараптар тікелей рейс қос елге туристердің санын еселей түседі деген сенімде.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу