Қазақ халқына үлкен қасірет әкелген ашаршылық жан-жақты зерттелуі керек. Тек тарихи баға ғана берілмей, саяси-экономикалық және әлеуметтік салдары да анықталуы тиіс. Қазақстандағы нәубетті зерттеген америкалық ғалым Сара Кэмерон осындай пікірде.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Аштық жайлаған дала: Ашаршылық, Зорлық және кеңестік Қазақстанды орнату». Бұл зерттеу кітабын шығару үшін Сара Кэмерон он жылынын сарп етіп, бірнеше елдің шаң басқан мұрағаттарын ақтарған.
Тіпті сол үшін қазақ және орыс тілдерін де меңгеріп алады. Бұл бір жағынан толық ақпарат алуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан қасіретке толы құжаттарды қаз қалпында оқу аз бойыңды қаза қылатын сәттермен астасып жатты дейді өзі.
Сара Кэмерон, «Аштық жайлаған дала» кітабының авторы:
Әсіресе ашаршылықтан зардап шеккен балалардың тағдырына қатысты оқу азапты болды. Кей шенеуніктердің асқан қатыгез әрекеттері де жағамды ұстатты. Мәселен бір жергілікті шенеунік мұқтаж халыққа таратылуы тиіс азық-түлікті өзіне алып қалып, үйлену тойын жасаған. Мұны мұрағаттан оқып, таң қалдым. Өз халқына жасалған неткен зұлымдық еді.
Қазақ жеріндегі нәубет жайлы батыс жұртында мәліметтер жұпыны. Қарапайым адамдар түгілі Кеңес одағының тарихын зерттеген ғалымдар да аса біле бермейді. Сондықтан да Сараның еңбегі Батыс әлемі үшін аса құнды жаңалық болды. Ғалымның айтуынша, әлем голодомор секілді ашаршылық туралы білуі үшін бірқатар нақты істі қолға алу керек.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Біріншіден, Украина мен Грузия қатарлы архивтерді ашып, кез келген зерттеуші үшін қол жетімді ету керек. Екіншіден, ашаршылықтан қанша адам көз жұмғаны туралы да ортақ ұстаным жоқ.
Сондықтан әрбір өңір, қала, аудан тіпті ауылға қалай әсерін анықтап, қай аймақ қаншалықты зардап шеккенін білу керек дейді ғалым. Үшіншіден зерттеу Қазақстан аумағымен шектелмей, көрші елдердің де архивтерін қопару керек.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Осындай кешенді зерттеулер жасалған кезде ғана сол зұлмат кездің демографиялық ақпараттық картасын түзуге мүмкіндік туады.
Сара Кэмерон, «Аштық жайлаған дала» кітабының авторы:
Дәл қазір Қазақстанда және батыста ашаршылық ең алдымен тарих призмасы тұрғысынан зерттелуде. Жақсы демографиялық деректер болса, сіз ашаршылық тақырыбына шын мәнінде әлем ғалымдардың назарын аудара аласыз. Мысалы, мен саясаттанушы және экономисттерден жылына бірнеше рет хат аламын, олар
Қазақстан туралы зерттеу жүргізгім келеді, демографиялық деректерін қайдан алсам болады»- деп сұрайды. Бірақ, өкінішке орай ондай кешенді жұмыс жасалмаған. Сондықтан осы тақырыпқа көбірек назар аударып, қосымша зерттеулер жүргізу өте маңызды.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Украинада голодомордан төрт миллиондай ал, Қазақстандағы ашаршылықтан бұдан екі еседей аз адам көз жұмған.
Десе де ғалым халық санына шаққанда қазақтар ең көп зардап шеккен ұлт саналады дейді. Әрбір үшінші қазақ құрбан болды, ғасырлар бойы қалыптасқан өмір сүру салтынан айырлып, ұлт ретінде жойылып кетуге шақ қалды. Сондықтан дін мен діл ғана емес, денсаулық тұрғысынан да тыңғылықты зерттеу қажет.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Себебі «аштық гені» тұжырымы бойынша нәубеттің салдарын ашаршылықтан аман қалған жұрттың ұрпақтары да тартатыны ғылыми дәлелденген.
Сара Кэмерон, «Аштық жайлаған дала» кітабының авторы:
Мұндай зерттеуді бастауға дайын кейбір адамдарды білемін, Мысалы, кейбір ғалымдар аштықтан зардап шеккендердің балаларының бойлары қалыпты нормадан қысқа болғанын анықтаған. Мұндай зерттеулер Ленинград қоршауында қалғандар жайлы материалдарда, Голландиядағы аштыққа байланысты деректере бар. Жалпы «Екінші ұрпақ» ұғымы бойынша аштықтан аман қалғандардың ұрпақтары жүрек ауруларына, әртүрлі қатерлі ісікке бейім болуы мүмкін.
Украинадағы голодомор жайлы мәліметтердің әлемдік деңгейде кең таралып АҚШ Конгресінің күн тәртібіне дейін шығуына батыстың Гарвард секілді белді жоғары оқу орындарында арнайы зерттеу институттарың ашылуы да тікелей әсер еткен.
Жалғас Сәдібекұлы, тілші:
Оларды тек мемлекет қана емес, шетелдегі украин диаспоралары да демеп отыр. Бірақ, батыста қазақ жеріндегі ашаршылықты арнайы зерттейтін бірде бір орталық жоқ. Сондықтан ғалым шетелдегі қазақтар да шет қалмай, зұлмат жылдар жайлы тарихи шындықтың ашылуына және кең тарауына ықпал етуі тиіс дейді.