Еуропада мерзімдік тұмау өршіп тұр. Соңғы бір апта жұқпалы індетке шалдыққандардың саны 60 пайызға көбейген. Кей елдерде тұмаумен бірге ковид пен респираторлық аурулар да күшейген. Бұл-денсаулық сақтау саласына салмақ болды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Мерзімдік тұмау Еуропаның 25 мемлекетінде тіркеліп, күн өткен сайын індеттің таралуы күшейіп барады. Италияда қазір жағдай ауыр. Елде тұмауды 3,5 миллионнан астам адам жұқтырған. Польша мен Германияда соңғы бір аптада 50 мыңға жуық адамнан респираторлық вирус анықталған. 55 жастан асқан ересектер мен 4-14 жас аралығындағы балалар арасында індет өршіп тұр.
Польша ауруханаларының педиатрия бөлімшелерінде орын тапшы. Францияда да медицина мамандары ковид, тұмау жұқтырып ауырып жатқандықтан, медбике, дәрігерлер жетіспей жоспарлы операциялар кейінге шегерілуде.
Морис Клюве, эпидемиолог:
Қарт құрлық ауруханаларында жұқпалы індеттермен түскен науқастардың көп болғаны сонша, жатқызатын жер таппай жатырмыз. Жағдай өте ауыр. Сондықтан азаматтар жеке бас гигиенасын сақтап, иммунитетті күшейтпесе болмайды.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Эпидемиолог мамандар Рождество, Жаңа жыл мерекелерінен кейін, қаңтарда тұмау мұнан да өршіп, ауруханаға түсушілердің саны көбеюі мүмкін екенін айтады. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының басшылары халықты тұмауға, ковидке қарсы екпе салдыртуға шақыруда. Сондай-ақ Еуропаның бірқатар елдерінде адам көп шоғырланатын жерлерде тұрғындарға қайтадан маска киюге кеңес беріп жатыр.