Ақтауда жуырда пайдалануға берілген 300 пәтерлі тұрғын үй алдындағы балалардың ойын алаңы дау туғызды. Себебі ол жеке меншік ғимараттың төбесіне салынған. Қоршаулары да сапасыз. Сондықтан тұрғындар бүлдіршіндердің қауіпсіздігі үшін алаңдайды. Олардың айтуынша, балалар ойнайтын алаң, үйдің алдындағы жерге салынуы тиіс болған. Алайда, жер телімі жекеге сатылып кетіпті. Жаңа қожайын аталған аумаққа коммерциялық нысан тұрғызып, ойын алаңын соның төбесіне салып қойған. Оған қоса, ғимарат балабақшаға арналған дегенді естіген жұрт, қарсылық білдірді. Қазір бұл мәселені мемлекеттік құзырлы органдар бақылауына алды.
Қырмызы Медиева, қала тұрғыны:
Ертең ол жерден бала құлауы мүмкін. Немесе арасына аяғын тығып алса, ол баланың өміріне қауіпті болады. Біз тұрғындар қарсымыз. Бұл ғимаратты сүріп, біздің ойын алаңын кәдімгі жерге салып берсін дейміз.
Арнұр Ұзақбай, қалалық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің маманы:
16 шағын аудан 85-ші үйі. Ойын алаңын ғимараттың үстіне салу бойынша мемлекеттік сәулет құрылыс басқармасына хат жолдаған болатынбыз. Аталған құрылыстың заңдылығын қолданыстағы заң шеңберінде тексеріп, қандай да бір заңбұзушылық анықталған жағдайда тиісті шарасын қолдану үшін.
Аягөз Оралбайқызы