Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу аяқталуға жақын. Бүгінге дейін жаппай тәртіпсіздікке қатысқан 1 249 азамат сотқа тартылған. Олар негізінен ұрлық жасап, қару тонағандар. 160 азаматқа қатысты сот үкімі шығып, абақтыға қамалған. Бүгін Бас прокуратура өкілдері жылды қорытындылап, жұмыс нәтижелерін жариялады. Жиында шетел асқан активтерді қайтару және олигополиямен күрес жұмыстарының нәтижесі де айтылды.
Қаралы қаңтар оқиғасынан бері де бір жылға жақын уақыт өтті. Бас прокуратура өкілі әлеуметтік проблемалар, жұмыссыздық пен халықтың табысының аздығы жаппай тәртіпсіздікке себеп болғанын айтады. Алайда осы жағдайды деструктивті топтар мен радикалды күштер пайдаланып кетті. Билікті басып алуға тырысу, мемлекетке опасыздық жасау және билікті асыра пайдалану бабымен айып тағылған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы мен бұрынғы Қорғаныс министрінің ісі сотта қаралып жатыр. Алматы және Қызылорда облыстық Ұлттық қауіпсіздік және Полиция департаменттерінің бұрынғы басшыларына қатысты тергеу аяқталған.
Тимур Тәжімбаев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:
Қаңтар оқиғасы еліміз үшін үлкен қасірет, ол күндері мемлекет тұтастығы тәуелсіздігі мен қауіпсіздігі қатер алдында тұрды. Президент дер кезінде шешімдер қабылдап елімізді сақтап қалды. Мемлкет басшысының тапсырмасымен бұл оқиғаның себептері мен салдарлары қаралып жатыр.
Қаңтар оқиғасына қатысты азаптау дерегі бойынша 327 қылмыстық іс тергеліп жатыр. 31 қызметкер қылмыстық жауапқа тартылған. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері. Бұл істер рақымшылыққа ілігуге жатпайды. Прокурорлардың сөзінше Тәртіпсіздікке қатысқан азаматтардың көпшілігі өз әрекетінің қандай ауыр салдарға әкеп соғатынын түсінбеген жастар.
Тимур Тәжімбаев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары:
Амнистия бір жарым мың адамға қатысты. Қазіргі уақытта 991 азаматтың жаза мерзімі жеңілдеді. 94 адам қылмыстық жауаптан босатылды. Мынаны ескере кетсем деймін, тәртіпсіздік ұйымдастырған адамдар, азаптау, экстремизм, терроризм, мемлекетке опасыздық жасағандар амнистияға ілікпейді.
Бас прокуратура шетел асып кеткен активтерді қайтару және олигополиямен күрес жұмыстарының нәтижесін де хабарлады. Арнайы комиссия жұмысының нәтижесінде 631 миллиард теңге мемлекетке қайтарылған. Оның ішінде 400 миллион доллар қылмыстық қудалау арқылы ел қазынасына құйылды. Сондай- ақ 398 мың гектар жер мемлекетке өткен. Бағасы 6 жарым миллиардтан астам теңгені құрайды.
Сәбит Әлдебай