Қазақ киносының қоржыны тағы бір жаңа туындымен толықты. Отандық «Tiger Films» продюсерлік компаниясы көрермен назарына «Қызымның қорғаушысы» атты ерекше кинокартинаны ұсынды. Алғашқы көрсетілімнен-ақ туындыға қатысты көпшілік арасында – қазақстандық кинематография саласына жаңа үрдіс алып келген фильм деген пікір қалыптасқан.
Бұл актер Тәуекел Мүсілімнің драма жанрындағы алғашқы рөлі. Айтуынша, бастапқыда қиындықтар болған. Десе де, түсірілім барысында образына толықтай еніп, эпизодтарды ерекше сезіммен сомдапты. Әрі фильмдегі рөлі арқылы өз-өзін басқа қырынан танығанын жасырмады.
Тәуекел Мүсілім, актер:
Драманы түсіру өте қиын. Оны көрерменге жеткізу де қиын. Бір жағынан Қазақстандық киноға мұндай нәрсе керек. Бізде тек комедия ғана түсіріледі. Драманы сағынған шығар деп ойлаймыз көрермен.
120 минутқа созылатын фильмде бұрын әскери салада қызмет еткен Асқар есімді жігіттің тағдыры суреттеледі. Әйелі мен қызын жоғалтқан кейіпкер, көңіл сергіту үшін бизнесменнің қызына оққағар болып жұмысқа орналасады. Уақыт өте оның өмірінде шытырман оқиғалар жиілеп, қорғаштаған клиентінің өміріне қауіп төнеді. Фильмнің ерекшелігі шынайылығы дейді режиссер.
Алена Алмаз, фильмнің бас режиссері:
Мен адамның бойындағы күш-қайратын, қайсар мінезін көрсеткім келді. Ешқандай жағдайда қолыңды сілтей салып, берілуге болмайды. Көрерменнің көңілінен шығады деген үміттемін. Өйткені осы туындыны жарыққа шығару үшін біршама тер төктік.
Алена Алмаз - Латвия елінің тумасы. Нью-Йорктегі киноөнер академиясын тәмамдаған режиссердің бұл дебюттік жұмысы. Фильмнен Фируза Шәріпова, Исабек Әбілмәжінов, Әзіз Бейшенәлиев сынды танымал актерлерді де көруге болады. Оған қоса түсірілімге Голивудты бағындырған Nomad Stunts каскадерлер тобы ат салысқан. Туынды қазір барлық кинотеатрда көрсетіліп жатыр.
Нұрсұлтан Тілектес