«Тағзым» мемориалы: Кешен өткеннен сабақ алуға үндейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Тағзым» мемориалы: Кешен өткеннен сабақ алуға үндейді

23.12.2022

Алматыдағы Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған мемориалдың еліміз үшін маңызы зор. Жоба авторлары мен зиялы қауым өкілдерінің сөзінше, кешен - өткеннен сабақ алып, ауызбіршілікке шақыруға үндейтінін ескерткіш болмақ.

Қуан Нұрақын, тілші:
Кешен келушілерге ыңғайлы болуы үшін Сәтбаев көшесіне, Республика алаңына жақын орналасқан. Мемориал негізгі төрт архитектуралық бөлімнен тұрады. Мәселен, мына қара тастар қайғылы Қаңтар оқиғасын еске салса, ақ алаң жарқын болашақты, еліміздің алға қарай ұмтылуын бейнелейді дейді, жоба авторлары.

Мемориалдың Республика алаңында орналасуы тегін емес. Өйткені, қаңтар оқиғасының негізгі ошағы дәл осы жерде болды. Желтоқсан құрбандарына арналған ескерткіш пен ел еркіндігінің символына айналған Тәуелсіздік монументі де осында.

Алексей Ивженко, сәулетші, жоба авторларының бірі:
Біздің шығармашылық тобымыз Қазақстанның 30 жылда жүріп өткен жолын беруге тырысты. Соның ішінде қаңтар оқиғасының орны бөлек. Қара түс сол кездегі дүрбелең мен үрейді еске салса, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын білдіреді.

Арнайы комиссия мүшелері конкурсқа 20-дан аса жоба ұсынылғанын айтады. Бірінен-бірі өтетін нобайдың арасынан осы нұсқа таңдап алынған.

Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
Бұл біздің бүгінімізді бейнелеп тұрған ғана дүние емес, бұл біздің келешегімізге үлкен сабақ болмақ. Бұл біздің, қазақтың жаңа тарихының бастауында тұрған, тарихтың қасіретті, қасиетті парағы болып қалатұғын ескерткіш.

Кешеннің әр бөлігіне халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.

Мереке Құлкенов, жазушы:
Кемеңгерлеріміздің ең жақсы сөздері алынған. Жұбан Молдағалиевтың, Абай атамыздың сөзі кешегі қыршын кеткен балаларға арналып тұрған Абайдың өзі айтып тұрғандай әсер етеді. Күлтегіннің сөзі, ана жерде Әбіш Кекілбайұлының, Мұхтар Әуезовтың сөздері қазақтың көкейінде, қазақтың жүрегінде тұрған сөздер ғой.

Санаулы күндерден кейін қаңтар оқиғасына бір жыл толады. Ресми деректерге сүйенсек, дүрбелең салдарынан 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы құқық қорғау органдарының өкілдері мен әскери қызметкерлер.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу