Еуропада үйсіз-күйсіздер күрт көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропада үйсіз-күйсіздер күрт көбейді

27.12.2022

Энергетикалық дағдарыс биыл еуропалықтарды әбден әбігерге салды. Азық-түлік, коммуналдық қызмет бағасының шарықтауы кедейлердің, үйсіз-күйсіздердің санын көбейтті,-дейді сарапшылар. Бельгия билігі қазір баспанасыздарға арналған әлеуметтік мекемелердің санын көбейтіп жатыр. Күн суытқалы сол орталықтарды паналаушылардың қатары артқан.

2,5 жастағы Александра біздің бейнекамераны көріп, шыңғырып қоя берді. Суық қару деп ойласа керек. Туғаннан көшеде өскен кішкентай бүлдіршін бөтен адамдардан қорқады-дейді ата-анасы. Бүгін Кристиан мен Адриананың қыздарымен осы орталықты паналағандарына тура бір ай.

Кристиан Александро, Брюссель қаласының тұрғыны:

Тұрақты жұмыс болмаған соң, осылай әр жерде жан бағып жүрміз. Тамақ қымбат. Жаппай қымбатшылық. Күн суықта баламен далада қиналып кетіп едік. Мына орталыққа келіп, кішкене жақсы болды.

Күзде ашылған орталық тек балалы отбасыларға арналған. 120 орындық мекемеде 33 отбасы тұрып жатыр. Дені-дағдарыстың кесірінен жұмысынан, пәтерінен айырылғандар.

Мари-Анне Робберехт, тұрғылықты жері жоқ жандарға арналған орталықтың үйлестірушісі:

Қарашадан бастап орталығымызға пана сұрап, қоңырау шалушылардың қатары көбейді. Кішкентай балаларымен есікті қағып тұрғанда кіргізбеу мүмкін емес. Бірақ, бұл уақытша, қыс біткенше жұмыс істейді.

Брюссельде қазір осындай отбасыларға арналған 3 орталық бар. Тағы төртеуінде жалғызбасты азаматтар пана етеді. Араларында жетпісті алқымдап, сексеннің сеңгіріне шыққан қариялар көп.

Нұрсұлу Қасым, тілші:

Қазір әлеуметтік орталық қызметкерлері қаланың қуыс-қуысын аралап, көшеде жатқан баспанасыздарды өздеріне келуге шақырып жүр. Балалалы отбасыларға орталықта көктем шыққанша қалуға рұқсат. Ал, жалғызбастылар онда тек түней алады. Бірақ, үйсіз-күйсіздер сол жылы жерге баруға құлықсыз. Өйткені, орталыққа кетсе, көшедегі мынадай орындарынан айырылып қаламыз деп қорқады.

Тәртіп сақшылары қаланың ауасын ластап, көркін бұзған төсектерді көрсе тас-талқанын шығарады. Дегенмен, полиция қызметкерлерінің талай қуғын-сүргініне ұшыраса да, баспанасыздар үкімет үйі, Парламент ғимаратының алдына жайғасуларын қояр емес. Жоғарыдан бір көмек болар деп үміттеніп. Себебі, оларға керегі, уақытша орталық емес, тұрақты жұмыс, басыбайлы баспана.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу