Еліміздің 27 қаласында кәріздік-тазарту ғимараты жоқ. 41 шаһарда мұндай нысандардың 60 пайыздан астамы тозып кеткен. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 5 жылда аймақтарда жаңа нысандар бой көтереді. Алғашқы кезеңде қай шаһарларда мұндай ғимараттар жаңартылады.
Елдегі кәріздік-тазарту ғимараттарының жай-күйі қазір сын көтермейді. Кейбір қалаларда нысандардың тозу деңгейі 90 пайыздан асады. Олардың қатарында Көкшетау, Семей, Қонаев, Арқалық бар. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі 2028 жылға дейін 68 қалада кәріз-тазарту нысандарын салу жоспарланған деді. Бұл Президент пәрменімен жүзеге асады.
Қайырбек Өскенбаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
3 қалада жобаларды іске асыру басталды. Олар: Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалалары. Келесі жылы Ақтау, Ленгер және Шымкент қалаларында 3 жобаны жүзеге асыруға қаражат қаралған.
Жаңа нысан: Қаржыландырудың екі тәсілі қолданылады
Қалған 62 қала бойынша министрлік қаржыландырудың екі тәсілін әзірледі. Біріншісі – халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын мемлекеттік кепілдікпен тарту. Аталмыш тәсіл халық саны 45 мыңнан асатын 26 ірі қалаға қолданылады. Екіншісі – республикалық бюджеттен трансферттер бөлу. Бұл халық саны 45 мыңнан аспайтын 36 шағын шаһарда жүзеге асатын болады.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Кәріздік-тазарту орталықтарының тозу деңгейі 60%-дан асып кеткен. Ал кейбір қалаларда, тіпті 90%-дан асады. Индустрия министрлігіне өңір әкімдерімен бірлесіп, 1 айда әрбір жобаны іске асыру кестесін бекітсін және олардың орындалу барысы туралы Үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұрсын.
Ірі қалаларда кәріздік жүйелер өткен ғасырдың 50-70 жылдарында салынған. Қазір әбден тозған. Сарқынды су көлемі де жыл сайын көбейіп келеді, - деді Үкімет басшысы. Қордаланған мәселе халықтың қалыпты тұрмысына кері әсерін тигізіп отыр. Экологияға да залалы мол. Сондықтан кәріздік-тазарту қалдықтарын қайта өңдеу тәсілдерін де игеру маңызды.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Шымкентте қалдықтар электр энергиясын өндіру үшін қайта өңделеді. Осындай тәсілдерді кеңінен тарату керек. Экология министрлігіне Индустрия министрлігімен бірлесіп, 2 айда халықаралық тәжірибені зерделеуді және қалдықтарды одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырамын.
Кәріздік-тазарту нысандарын салу 3 кезеңде жүзеге асады. Үкімет басшысы өңір әкімдеріне құрылыстарды уақытылы жүргізу үшін қажетті техникалық құжаттарды жедел әзірлеуді тапсырды.
Дарын Сағитов