Ақтауда колледж студенттерін мемлекеттік тапсырыс аясында жатақханамен қамтамасыз еткен кәсіпкер қарызға белшесінен батты. Себебі, оқу-ағарту министрлігіне қарасты қаржы орталығы 7 айдан бері тиісті қаражатты төлемеген. Соның салдарынан кәсіпкер жатақхананың шығындарын өтей алмай отыр. Ал, жатақхана жабылса, 70-ке жуық студент далада қалмақ.
Ақтаулық кәсіпкер күрделі жөндеуден өткен ғимаратты 180 орындық жатақханаға лайықтап жабдықтап, 3 жыл бұрын білім министрлігімен келісім шарт жасаған. Содан бері әр студент үшін ай сайын 12 мың теңге төленетін. Дәл сондай қаражатты студенттер де төлейді. Алайда биыл оқу-ағарту министрлігінің қаржы орталығы ақшаны кешіктіріп төлей бастаған. 5 айдың қаржысы, маусымда бір-ақ жіберіліпті. Ал содан бергі қарыз 21 млн теңгеден асады.
Баян Мейірбекова, жатақхана меңгерушісі:
Бірінші себеп, қаңтардан бастап мемлекеттік порталға салады олар келісімшартты соны ол кісілер мамырда қондырды. Мамыр кезінде қол қойдық. Ол келісімшартты қондырмай ақша төлемейді. Өздері техникалық ақаулар жібереді. Көп қарастырылады, сонысын мен түсінбедім. Бұл бюрократия.
Келесі келісімшартқа қыркүйекте қол қойылыпты. Бірақ, құжат мемлекеттік порталға желтоқсанның соңында бір-ақ, енгізілген. Жылдың аяқталуына санаулы күн қалды. Сондықтан кәсіпкер бюджет қаржысы игерілмей қалама деп алаңдаулы. Қазір жатақханада 65 студент тұрып жатыр.
Жансая Сатыбалдиева, студент:
Осында тұрған ыңғайлы болып тұр. өйткені басында біз пәтер жалдап тұрғанбыз. Ол қымбатқа шықты барлығы. Шығарып жіберсе онда білмеймін, ата-анам бюджет қызметкері болғасын жанағы пәтерге қайтып бара алмайтын сияқтымыз.
Ал, оқу-ағарту министрлігіне қарасты қаржы орталығының өкілі кәсіпкерге қаражат төленетінін жеткізді. Мәселенің туындауына министрліктердің қайта құрылуы себеп болған.
Арманай Мирасқызы, Оқу-ағарту министрлігі қаржы орталығының менеджері:
2022 жылдың маусым айында білім министрлігі екіге бөлінген болатын және қайта құрылды. Сол себепті осы маусым айынан қаражаттар төлемі тоқтатылды. Қазіргі күнде шарт тіркелуде тұр. Осы жылдың 29 желтоқсанына дейін шарт тіркеліп, осы барлық қарыз қаражаттар бірден яғни төленетін болады.
Кәсіпкер коммуналдық шығындарды өтеу үшін несие алған. Ал, турникет үшін жылдамдығы жоғары интернетке ай сайын 160 мың теңге төлей алмай отыр. Қаржы орталығы бұл мәселеге түсіністікпен қарап, турникет жұмыс істемеген соңғы 2 айдағы студенттер туралы ақпаратты колледждерден алыпты.
Аягөз Оралбайқызы