Ақтөбе облысында 1 миллион 300 мың шаршы метр баспана салынбақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 1 миллион 300 мың шаршы метр баспана салынбақ

28.12.2022

Алдағы жылы Ақтөбе облысында 1 миллион 300 мың шаршы метр баспана салынбақ. Аймақта тұрғын-үй құрылысы соңғы 4 жылдан бері қарқынды жүріп жатыр. Биыл жас отбасыларды баспанамен қамту мақсатында жаңа жоба да жасалды.

Бүгін Арман Жұмабаевтың арманы орындалған күн. Ұзақ күткен пәтеріне қол жеткізді. Мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болуға өтініш беріп, байқаудан сәтті өткен. Енді міне бір бөлмелі пәтер иесі атанды. Ал бұған дейін отбасымен пәтер жалдап тұрған.

Арман Жұмабаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Жаңа жылда жаңа үйге кіріп жатырмыз, мінекей. Басында 700 мыңдай болды. Сонымен «Бақытты отбасыдан» өтіп, үйлі болып жатырмыз. Енді ай сайын 37 мың төлейтін болып жатырмыз.

Құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілгеннің арқасында облыс орталығында мыңдаған адам осылай баспаналы болды. Алдағы жылы бұл көрсеткішер одан да жоғары болмақ. Себебі, тек мемлекеттік қаражат есебінен 10 көп қабатты үй салынады. Ал Қарғалы мен Ырғыз ауданында биыл жалға берілетін коммуналдық тұрғын үйлер салынды. Алға ауданында бұл жұмыс бірнеше жыл бұрын басталған. Бес қабатты үш үйден көп балалы, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен басқа да кезекте тұрған жандарға пәтерлер берілді. Биыл осындай тағы бір үй салынып, қолданысқа берілуге дайын тұр.

Қазыбек Мамытханов, Алға аудандық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

Біздің жоспар бойынша Алға қаласынан тағы осындай көп қабатты үйлер салынып, коммуналдық түрде осындай топтарға берілетін болады. Бүгінгі таңда Алға ауданы бойынша 1080 адам кезекте тіркелген.

Желтоқсан айының басында облыста «Ақтөбе жастары» деген бағдарлама іске қосылды. 35 жасқа дейінгі тұрғындарға жылдық үстемеақысы 5 пайыз тұрғын үй несиесін алуға мүмкіндік беріліп отыр. Бұдан бөлек, облыста әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүре бермек.

Аслан Жарасбаев, Облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Келесі жылы да 1 миллион 300 мың шамасында тұрғын үйді пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. «Батыс-2», «Батыс-3» тұрғын алаптарында бізде коммерциялық тұрғын үйлер. Ал, «Есет батыр» алабында мемлекеттік қаражат есебінен салынып жатқан тұрғын үйлер.

Құрылыс материалдарының қымбаттағанына қарамастан, Ақтөбе облысында тұрғын үй құрылысы тоқтаған жоқ. Үй кезегінде тұрғандарды баспанамен қамту үшін облыста бірқатар жоба жүзеге асырылмақ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу