Алматыда шахматтың рапид түрі бойынша дүниежүзілік дода аяқталып блицтен байрақты бәсеке басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда шахматтың рапид түрі бойынша дүниежүзілік дода аяқталып блицтен байрақты бәсеке басталды

29.12.2022

Алматыда шахматтың рапид түрі бойынша дүниежүзілік дода аяқталып, блицтен байрақты бәсеке басталды. Жарысқа 50 елден 300-ге жуық қатысушы жиналған. Араларынан қазақстандық Динара Сәдуақасова табысты өнер көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Жерлесімізді Мемлекет басшысы құттықтады.

Әлемдік додада Динара Сәдуақасова алтын медальға сынық сүйем жетпей жарысты аяқтады. Финалдық тартыста ол Қытай елінің ойыншысына есе жіберді. Мемлекет басшысы Динараны жеңісімен құттықтап, Қазақстан шахматшыларының әлем чемпионатындағы жетістіктері еліміз үшін үлкен мақтаныш екенін атап өтті.

Cпортшыларымыздың халықаралық турнирлердегі әрбір жеңісі осы спорт түрімен айналысатын жастарды қанаттандырады және бұл Қазақстан шахмат мектебінің деңгейі жоғары екенін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев:

Ерлер арасындағы бәсекеде норвегиялық Магнус Карлсен қарсылтарын айқын басымдықпен ұтып, кезекті рет өз мықтылығын дәлелдеді. Оның еншісінде 10 ұпай бар. Соның арқасында 4-мәрте әлем чемпионы атағына ие болды. Ал, бүгін басталған блиц сайысынан жерлестерімізге артылар үміт көп.

Гүлмира Дәулетова, Қазақстан шахматшылар федерациясының атқарушы директоры:

Біздің қыздарға үмітіміз орасан. Себебі, қыздарымыз блицті жақсы ойнайды. Ұлдардан да үміт күтіп отырмыз. Ринат Жұмабаев жақында ғана қараша айында Азия чемпионы болды. Және Арыстанбек Оразаев блицтен екінші орын алған болатын.

Рапидте жақсы нәтиже көрсеткен Жансая Әбдімәлік пен Бибісара Асаубаеваның да аяқ алысы жаман емес. Бұл турнирде жерлестеріміз үздік ойын көрсетіп, жүлделі орындар алады деген үміт бар. Ал бас-аяғы 5 күнге созылған әлемдік чемпионат ертең аяқталады.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу