Жаңа жыл мерекесі қарсаңында кішкентай бүлдүршіндер сиқыр мен ғажайыпты күтетіні рас. Бүгін Ана мен бала орталығында ем алып жатқан балдырғандар үшін Мемлекет басшысы тосынсый жасады. Президент емханаға арнайы барып, жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Түрлі дертпен күресіп жүрген балаларды жылы сөзбен жебеп, сыйлықтар үлестірді.
Жігер - жігерлі бала. Ауыр дертпен күресіп жүргеніне 2 жылдан асты. Үш рет операция жасалды. Соңғысы 11 күн бұрын. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Бүгін оның жағдайын Президенттің өзі сұрап келді.
Василисаға да қыркүйекте күрделі операция жасалды. 2 жастағы бүлдіршіннің дертін емдеуге тек осы орталықтың ғана әлеуеті жеткен. Қазір балақайдың көңілі жақсы, қимылы ширақ.
Орталықта қазір 351 бала емделіп жатыр. Бәрінің ауруы күрделі, әрі әралуан. Бірақ үміт басым. Өйткені Ана мен бала орталығында барлық жағдай жасалған. Соңғы технология, білікті мамандар бар. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келіп балалар мен аналар ем алады. Тіпті апталап, айлап жататындар бар. Мемлекет басшысының келуі олардың көңілін бір серпілтіп тастады.
Балалар тақпақ айтты, естелікке суретке түсті. Президент мерекелік базарлығын ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев орталықтағы Смарт сыныптың жұмысымен де танысты. Мұнда балалар оқудан қол үзіп қалмауы үшін «Ақылды сынып» ұйымдастырылған. Мектеп бағдарламасына сәйкес математика, тарих және басқа да пәндер оқытылады. Сондай-ақ музыканың және ертегілердің көмегімен терапия сабақтары, түрлі шығармашылық ойындар мен шахмат үйірмесі қарастырылған.
Шерхан Жамбылұлы