Жаңатас қаласы жарық пен жылусыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңатас қаласы жарық пен жылусыз қалды

04.01.2023

Жамбыл облысындағы Сарысу ауданына табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялданды. Өйткені қатты дауылдан Жаңатас қаласы жарық пен жылусыз қалды. Бұдан бөлек Талас ауданында да электр желілері үзіліп, жылу құбырлары зақымданған. 

Нұрдос Болатұлы, тілші:

3 қаңтар күні облыстың кейбір жерінде желдің екпіні секундына 30 метрге дейін болды. Салдарынан Сарысу ауданындағы Жаңатас қаласы жарық пен жылусыз қалды. Шағын шаһарда шамамен 20 электр бағанасы құлап, «Шахан» жылу тарату станциясы істен шықты. Нәтижесінде тұрғындар 3 мектепке көшіріліп, ыстық тамақпен қамтылған.

Жалпы дауылдан 7 адам зардап шеккені туралы мәлімет түсті, бірақ олардың ішінде ауыр жарақат алғандар жоқ. Бұдан бөлек қатты дауыл Талас ауданындағы Қаратау қаласын да айналып өтпеді. Екпінді жел қаладағы 7-8 көпқабатты үй мен қала әкімдігінің шатырын, жылу құбырларын зақымдаған. Салдарынан қаладағы бірнеше тұрғын үй жылусыз қалды. Осыған байланысты жедел штаб құрылды. Жаңатас қаласының электр желілерін қалпына келтіру үшін Тараз қаласынан арнайы бригада жұмылдырылды.

Сонымен қатар кеше қар құрсауында қалған жолаушылар құтқарылды. Батыс Қытай-Батыс Еуропа жолының Жуалы ауданы маңында боранда 60-қа жуық көлік қалған. 300 адам аудандағы мектепке орналастырылды. Оның 65-сі бала. Қазіргі таңда аймақта бірқатар бағыттағы жолдар жабық. Аудандық маңызы бар олдарды тазалау жұмыстары жүргізілуде. 



Хабарламаларға жазылу