Жамбыл облысының Жаңатас қаласында 20 мыңнан аса тұрғын жылусыз қалды. Аймақта табиғи сипаттағы төтенше жағдай енгізіліп, тазалық жұмыстары басталды. Арнайы жұмыс тобы құрылды. Электр желілерін қалпына келтіру үшін Тараздан қосымша мамандар жұмылдырылды. Секундына 39 метр жылдамдықпен соққан дүлей дауыл, 70-тен аса жоғары кернеулі бағаналарды құлатқан.
Электр қуатының болмауына байланысты орталық жылу қазандығы істен шықты. Салдарынан 97 көпқабатты тұрғын үй, 18 әлеуметтік нысан мен кәсіпорындар жылусыз қалды. Жарықтың жоқтығынан сумен қамту мекемелері де жұмысын тоқтатқан. Сонымен қатар бірнеше әкімшілік ғимраттарға зақым келген. Қазір қалпына келтіруге 13 техника, 20-дан аса адам жұмылдырылған. 27 көше қалың қардан тазартылды. Бірнеше бағыттағы жолдар ашылды. 4 жедел жәрдем көлігі кезекшілік етуде.
Асхат Алметов, Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы:
Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің көмегімен ауданнан шығатын жолдардың бәрі жабық. Және ауыл-аймақта, жолда қалып кеткен азаматтарға көмек көрсетілуде. 25 қызметкер осы ауданға көмекке келген болатын. Өзіміздің үлкен жүк көлігімен ауданға қала орталығынан нан және басқа да көмектер жасалып жатыр.
Нұрдос Болатұлы