Қарағанды облысында спирттік ішімдіктен бас тартқан ауыл бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында спирттік ішімдіктен бас тартқан ауыл бар

04.01.2023

Қарағанды облысында спирттік ішімдіктен бас тартқан ауыл бар. Елді мекенде бір жыл бойы құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл бастаманы ауыл әкімі мен учаскелік полицей ақсақалдар алқасына ұсынып, тұрғындар түгел қолдаған. 

Әлібек Оспанов Тікенекті ауылында 8 жылдан бері учаскелік полицей болып жұмыс істейды. Жергілікті тұрғындардың бәрін таниды. Қауіпсіздік шараларын қашанда назарда ұстауды ескертіп отырады. Ол 1 жыл бұрын ішімдіктен бас тартуды ұсынған. Бастамасын бүкіл ауыл құп көрген.

Рысты Сәрсекеева, жеке кәсіпкер:

Біздің ауылда учаскелік полицей бар, жиі-жиі тексереді. Енді үлкен басымызбен шешесіндей адамбыз ол баладан сөз алып, сөгіс алғанша, осылай ішімдіксіз, шылымсыз саудамызды жасап жатырмыз.


Өмір Бүркітбаев, ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

Осы ауылда арақ сатылмайды. Арақ ішетін адам жоқ. Содан кейін ауылда оңды, бәрі кеңесіп, ақылдасып шешеміз шаруаның бәрін.

Есесіне ауыл жастары бос уақытын пайдалы іске жұмсайды. Көбі өнерге құмартып өсіп келеді. Домбыра үйірмесіне келетіндер көбейген. Үлкендер де жастардың әр бір талпынысын қолдап отырады. Учаскелік полицей болса бұл бастамасын өзгелерге де насихаттауға ниетті.

Әлібек Оспанов, учаскелік полиция инспекторы:

Жалпы Тікенекті ауылында 222 тұрғын тұрады. Қоғамдық кеңес төрағасы, әкіміміз бар кездесіп, қылмыстық істің алдын алу , жастарды дұрыс бағытқа бағыттау үшін бірігіп жұмыс атқарып отырмыз.

Тікенекті ауылының үлгілі бастамасы көпке үлгі. Күні кеше Қарағанды облысына келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов шалғайдағы ауыл әкімі Ерлан Оспановқа «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін табыстады. Ал ауыл тұрғындары бұл марапат - бүкіл ауылға көрсетілген құрмет деп біледі.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу