Мемлекет басшысының жарлығымен Үкімет құрамында кадрлық өзгерістер болды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Үкімет Аппаратының Басшысы лауазымына Ғалымжан Қойшыбаев тағайындалды. Премьер-Министр кеңсесі Үкімет аппараты ретінде қайта құрылғанын еске салайық. Сонымен бірге Президент бірқатар министрлікке жаңа басшы тағайындады. Премьер-Министр Әлихан Смайылов министрлерді ведомстволардың ұжымына таныстырып, әр саланы дамытуға қатысты алда атқарылатын іске тоқталып, негізгі міндеттерге жауапкершілікпен қарап, назар аударуға шақырды.
Жаңа жылдың алғашқы жұмыс күні бірқатар кадрлық ауыс-түйіспен басталды. Үкіметте кадрлық өзгеріс жасайтынын Президент Сенатта сөйлеген сөзінде айтқан. Сонымен елде 5 жаңа министр тағайындалды. Соның бірі – Экология және табиғи ресурстар министрі болған Зүлфия Сүлейменова. 32 жастағы ең жас министр Жапонияда білім алған. Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі. Министрді ұжымға таныстырған Премьер-Министр алда Арал теңізі мен Семей өңіріне қатысты мәселені шешу жайы тұрғанын ескертті.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Ірі кәсіпорындардың зиянды қалдықтарын кезең-кезеңмен төмендетуге қол жеткізу және оларды жаңа технологияларды енгізуге ынталандыру қажет, өйткені бұл азаматтарымыздың денсаулығына тікелей байланысты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып Марат Қарабаев тағайындалды. Ол бұған дейін осы лауазымда отырған Қайырбек Өскенбаевтан 23 жасқа кіші. Жаңа министрді «тәжірибесі мол маман» деп бағалаған Әлихан Смайылов алда логистикалық әлеует пен көлік инфрақұрылымын дамытуға қатысты маңызды міндет бар екенін еске салды.
Ал Премьер-Министр Кеңсесінде заң бөлімінің меңгерушісі болған Азамат Есқараев – бұдан былай Әділет министрі. Бұл қызметті осы уақытқа дейін атқарып келген Қанат Мусин Конституциялық сот судьясы болып тағайындалған еді.
Оқу-ағарту министрі лауазымына Ғани Бейсембаев келді. Еңбек жолын қазақ тілі пәнінің мұғалімі болып бастаған Ғани Бейсембаевтың білім саласында 33 жылға жуық тәжірибесі бар. Ал бұл саланы 3,5 жылдай басқарған Асхат Аймағамбетов қызметінен босатылды. Үкімет басшысы Асхат Аймағамбетовке атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді.
Мәдениет және спорт министрі қызметіне Асхат Оралов келді. 32 жастағы маман – ең жас министрлердің бірі. 2022 жылдың ақпанынан бері «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы болған. Жаңа министрді ұжымға таныстырған Үкімет басшысы спортты дамыту тәсілін өзгерту – басты міндеттің бірі екенін ескертті. Сонымен бірге Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен дәріптеуге ден қою керегін атап өтті.
Айта кетейік, Үкіметтің жаңа құрамының орта жасы – 47. Бұған дейін 39 жастағы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров ең жас министр болып келген еді.
Ақерке Бектас