Бас прокурор мен ІІМ депуттар сауалына жауап берді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас прокурор мен ІІМ депуттар сауалына жауап берді

05.01.2023

Елордада Мәжілістің жалпы отырысы өтіп жатыр. Онда «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының Қаңтар оқиғасына қатысты сауалына Бас прокурор Берік Асыловтың жауабы тыңдалды. Сондай-ақ жиынға Ішкі істер министрі мен өзге де ведомство басшылары, заңгерлер мен сарапшылар, Қаңтар оқиғасының куәгерлері қатысып жатыр.

Данияр Қайыртайұлы:

Бас прокурор Берік Асыловтың мәлімдеуінше, тергеу органдары Қаңтар оқиғасын ұйымдастырушылардың барлығын анықтаған. 12 ұйымдасқан қылмыстық топ жұмыс істеген,-дейді бас прокурор. Олардың қатарында Айшуақ-Жантүгел тобы мен Арман Жұмагелдиевтің ұйымдасқан тобы барын айтты. Жаппай тәртіпсіздіктерге Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан мен Тәжікстан азаматтары да қатысқан екен. Бүлікті бір жерден, жекелеген күштік құрылым өкілдері басқарып отырды, әрі оған 2021 жыл бойы жасырын түрде дайындық жүргізілгені анықталған. Олардың мақсаты билікті құлату болды дейді қадағалаушы орган басшысы.

Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің ісі бойынша құпия мәліметтерді ашуға болмайтынын, ол ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін екенін айтты. Тек мынадай ақпарат берді : «Алматы және Қызылорда қалаларындағы ҰҚК Департаментінің ғимараты Мәсімовтың бұйырығымен қараусыз қалдырылған. Ал оның орынбасары Садықұлов комитеттің Алматы облысындағы Департаменті ғимаратын тастап шығу туралы қызметкерлерге бұйрық бергені анықталды. Сол сияқты Алматы және Жамбыл облыстарындағы ПД қызметкерлері де жұмыс орнын тастап шыққан. Салдарынан ғимараттардан 3 мыңға жуық қару ұрланды, оның үштен екісі әлі де табылған жоқ»,- деді бас прокурор.

Бұрынғы Қорғаныс министрі Мұрат Бектанов елде тәртіп орнату бойынша шара қолданбады, лауазымын асыра пайдаланды деп айыпталып отыр. Тергеу болжамы бойынша ол бірқатар заңсыз бұйрық берген: 5 қаңтарда Алматы қаласының комендантына мемлекеттік органдар ғимаратын қорғау үшін әскери қызметшілерді бөлуден бас тартқан; 6 қаңтарда Алматы қаласы әкімдігінің ғимараты мен Президент резиденциясынан бес компанияны қоршауды алып тастау туралы бұйрық берген.

Бұдан бөлек, Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, күш құрылымдары ескертусіз оқ атуды Президент бұйрығына дейін бастап кеткен. Тіпті ол үшін арнайы бұйрықтың да қажеті жоқ, оған рұқсат беретін заң нормалары бар деді. Ал Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов органдар дер кезінде оқ атпағанда оқиғаның ауқымы бұдан да үлкейіп кетер еді дегенді айтты. 





Хабарламаларға жазылу