Қаңтар оқиғасы кезінде 2 мың кәсіпкердің бизнесіне залал келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қаңтар оқиғасы кезінде 2 мың кәсіпкердің бизнесіне залал келді

05.01.2023

Қаңтар оқиғасы кезінде 2 мың кәсіпкердің бизнесіне залал келді. Дүкендер тоналды, заттар ұрланды, бірнеше нысан өртенді. Мемлекет пен бизнеске келген шығынның жалпы сомасы 100 млрд теңгеге бағаланды. Әсіресе, Алматылық кәсіп иелері көп зиянға ұшырады. Мегаполистегі олқылықтың орнын толтыру мақсатында құрылған комиссия 40 рет отырыс өткізіп, барлық өтініштерді қараған. 

Мәселен мына мейрамхана сол қаңтар оқиғасынан кейін сегіз ай жабық тұрды. Себебі, қалпына келтіру оңай болмаған. Шығын көлемі де үлкен. Жаппай тәртіпсіздік кезінде ішке басып кірген бір топ жігіт заттардың барлығын қиратып, тонап, артынан өртеп кеткен. Мемлекеттен өтемақы қолға тиген соң, жөндеу жұмыстарының өзі біраз уақытты алған.

Қазір демалыс орны қайта жанданып, толық қалпына келтірілген. 60-тан аса адам нәпақасын тауып отыр. 

Елизавета Журкина, мейрамхана иесі:
Өкінішке қарай, қаңтар кезінде бізге 125 млн теңге залал келді. Оның 65 пайызын Мемлекет төлеп берді. Сол оқиғадан кейін есімізді бірден жинап, мейрамхананы қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кеттік. Себебі, жұмыскерлердің орнын сақтап қалу керек болды. Осында жұмыс істейтіндер, таныстарымыз, достарымыз да атсалысты. 

Жаппай тәртіпсіздік кезінде бірнеше бұқаралық ақпарат құралдарының ғимараттарына шабуыл жасалды. Әсіресе, «Qazaqstan» телеарнасының филиалы отқа оранып, қазақ телевизиясының тарихи ғимараты түгел дерлік жанып кетті. Бас прокуратура өкілдері бүлікшілердің басты мақсаты – тікелей эфирге шығып, талаптарын айту болды дейді. 

Ризабек Ожаров, ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің бастығы:
Олар ұсталды. Жауап алынды. Қазіргі таңда олардың істері сотқа жолданды. Өздерінің талаптарын айта отырып, эфирге шығып, талаптарымызды айтқымыз келеді әділетсіздік және әлеуметтік-экономикалық себептер туралы, өздерінің өмірлері туралы айтқысы келген.

Қазір нысан толық сүрілді. Орнына заманауи медиа орталықтың құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Қаңтар оқиғасынан жалпы есеп бойынша 70-ке жуық ірі бизнес зардап шекті. Оның ішінде 62 компания Алматыға тиесілі. Жиған-тергенінен айырылып қалған барлық кәсіпкерлер өтініші қабылданып, мемлекет есебінен өтемақы төленді. 

Қайрат Нұрқасымов, Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары:
Комиссия 39 отырыс өткізді. Оның ішінде 1639 жеке шағын және орта кәсіпкерлерге қаржылай көмектесіп, қазіргі таңда 16 млрд 127 млн теңге сомасында толықтай өтемақы төленді. 

Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, бүгінде Алматыда тіркелген шағын және орта субъектілерінің саны 343 мыңнан асады. Олардың 280 мыңға жуығы белсенді жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға артқан.

Қуан Нұрақын 


Хабарламаларға жазылу