Ақтауда ләңгі жасайтын цех ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда ләңгі жасайтын цех ашылды

06.01.2023

Ақтауда ләңгі жасайтын цех ашылды. Отандық өнімге ел ішінде сұраныс жоғары. Тіпті, Өзбекстан мен Ресейге де сатылып жатыр. 

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Ләңгі жасауда теріні қию өте қиын әрі маңызды процесс. Себебі, терінің астындағы жүнді кесіп алмау керек. Міне мен теріні қиып алдым. Енді бұған мырышталған болат бекітіледі. Жалпы 1 ләңгіні жасауға әрі кетсе 5 минут жеткілікті.

Цехта 4 адам жұмыс істейді. Олар әрқайсысы күніне 250-дей ләңгі жасайды. Ерекше бизнесті бастаған Анвар Шайхымовтың өзі кәсіби шахматшы. Ол көп отырудың ағзаға қандай зиян екенін біледі. Сондықтан, ләңгі ойынын дамытып, ұлттық спорт ретінде танытуды көздейді.

Анвар Шайхымов, жеке кәсіпкер:
Спинер, попит қазір ойнап жатқан балдардың фишкісі олардың ешқандай да пайдасы жоқ. Ал мына ләңгіміз балаларымыздың денсаулығына пайдалы болсын деген оймен аштық. Біздің өнімімізді ең көп алып жатқан мектептердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері және де ата-аналар өздерінің балдарын физикалық тұрғыда дамысын деген.

Спорт жаттықтырушыларының пікірінше, ләңгі ойыны бойға қан жүгіртіп, денені шынықтырады. Көзге және аяққа пайдасы зор. Қазір ләңгі тебуге қызығушылық артқан. Әсіресе жеткіншектер арасында трендке айналып келеді.

Сералы Оразов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
Өзім ойнадым бала кезімнен жақсы ойнайтын едім. Енді қазір үлкейдік. Баламыз ойнайды әлі де, ауылдың балдары әлі ойнайды. Қаланың балдары ойнап үйрене берсін. Ләңгі тебу өте жақсы, осымен дами берсін.

Анвар Шайхымов алдағы уақытта цехын кеңейтіп, өнім көлемін күніне 5 мың данаға жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, балалар мен ересектер арасында ләңгі тебуден жарыс ұйымдастырып, федерация құруды да ойлап жүр.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу