Қарағандыдағы өрт ашық оттан тұтанған - мамандар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағандыдағы өрт ашық оттан тұтанған - мамандар

11.01.2023

Қарағандыдағы тұрғын үйде болған өрттің алдын ала болжам бойынша себебі айтылды. Тілсіз жау ашық от көзінен шыққан. Яғни оған 8-қабаттағы пәтерде тұратын төрт адамның бірінің абайсыздығынан болуы мүмкін,-дейді зертхана мамандары.

Қаза тапқан үш адам 70 жастағы зейнеткер, полиция полковнигі Ринат Шоқаевтың жанұясы болып шықты. Ол ұзақ жылдар Қарағанды академиясында қызмет еткен. Ал терезеден секіріп тірі қалған ұлы қазір ауруханада. Жағдайы бірқалыпты. 1979 жылғы азаматтан жауап алынған. Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.

Асхат Маханов, қалалық ТЖ басқармасы бастығының орынбасары:

Өрттің шығуы ашық оттан болған деген болжамдамыз. Бұл жерде ешқандай жарылыс болмаған. Конструкциясы барлығы орнында, түгел. Жылуы барлығы жұмыс істеп тұр. Жарақат алған ер адамнан өрт себебін медицина қызметкерлері сұраған болатын. Ол ештеңе есімде жоқ деп жауап берді.

Айта кету керек, тұрғын үйде болған өртті сөндіру кезінде қауіпсіздік үшін электр жарығы өшірілген болатын. Бірнеше пәтердегі су әлі кеппегендіктен, тоқ әлі берілмеді. Тілсіз жауды сөндіру кезінде 8 пәтер су болған.

Тұрғындар одан келген шығынды кім өтейтінін білмей дал. Ал жергілікті билік тарапынан бұл туралы нақты ресми ақпарат әлі берілмеді. Қазір тұрғындардың алды баспаналарына орала бастады. Айта кету керек, 16 қабатты үйде барлығы 127 пәтер бар.

Еркін Құсайынов, Қарағанды қаласының тұрғыны:

Ана жақ қонақ бөлмесі, мынау жер, балкон барлығы қап-қара, шынысы сынған. Су құйған ғой, мына полдың барлығын ашып. Енді мынаның барлығы шығын ғой. Бұған қалай оралады? Мынаны жөндеу керек қой, енді пәтер жалдайды ма, бімеймін. Ұл жалғыз жұмыс істейді, келін үш баламен үйде. Енді ол жалғыз өзі мынаның барлығын істей алмайды. Біз қалай енді көмектесе аламыз?

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу