Ұлыбританияда ереуілдерге қарсы жаңа заң талқыланып жатыр. Оған сәйкес наразылық шаралары кезінде білім, денсаулық сақтау, құтқару қызметінде еңбек ететіндердің белгілі бір бөлігі жұмыс орындарын тастамауы керек.
Ұлыбританияда инфляция шарықтаған соң бұрын-соңды болмаған ереуілдер толқыны белең алды. Бір мезетте бәрі бас көтерді. Мұғалімдер, медбикелер, теміржолшылар, автобус жүргізушілері жалақыларын өсіруді талап етуде. Бәрінен бұрын қарапайым халық зардап шегіп жатыр. Ауруханаларда ұзын-сонар кезектер пайда болып, жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қалды.
Грант Шаппс, Ұлыбритания бизнес министрі:
Мен ұсынған заң жобасына сәйкес ереуілдер кезінде негізгі мемлекеттік қызметтердің жұмысы тоқтамауы керек. Денсаулық сақтау, білім, өрт сөндіру, құтқару қызметі, көлік, шекара қауіпсіздігі және ядролық қондырғыларды пайдалануға беру қызметінде жұмыс істейтіндердің бір бөлігі міндетті түрде жұмыста болуы тиіс.
Науқастар жүрек талмасына ұшырап, ауыр жарақат алған жағдайда жедел жәрдемнің келетініне сенімді болуы керек. Бұдан бөлек, пойыздар мен автобустардың тоқтап қалады деп қорықпауы қажет. Үкіметтегілердің пікірінше, бұл заң ереуілшілердің құқығын мүлдем шектемейді. Кәсіподақ ұйымдары болса, жаңа бастама тараптардың дауларын шешуді қиындатып жібереді деп мәлімдеді.
Онай Касаб, кәсіподақ ұйымының өкілі:
Ұсынылған заңнама қабылданса, жұмысшылар жалақыларын көбейтуді талап ете алмайды және ереуілдердің жиілеуіне әкеледі. Заңға сәйкес наразылыққа шыққысы келгендер жұмыс істеуге мәжбүр болады. Бағынбаса, қызметтен қуылады. Бұлай болмайды. Біз сотқа шағымданамыз.
Үкіметтегілер жаңа бастаманы талқылап жатқанда жедел жәрдем қызметкерлері мен медбикелер алдағы күндері тағы да ереуілге шығатындарын мәлімдеді. Өйткені билікпен болған алдыңғы келіссөздер еш нәтиже бермеді. Заң қабылданған жағдайда оппозиялық партия оның күшін жоюға бекініп отыр.
Марина Бекенова