Ыстамбұл қаласындағы сауда орталықтарының бірінде жарылыс болды. Жойқын жарылыстан ғимараттың терезелері сынып, қабырғасының кей бөлігі опырылған.
Айдос Әшімұлы тілші:
Жарылыс кешке кешке Ыстамбұлдың Бағжылар ауданындағы бес қабатты сауда орталықтарының бірінде болды. Ғимараттың төртінші қабатында орналасқан текстиль цехында мата үтіктейтін станоктардың біріндегі жоғары қысымды газ баллоны жарылған. Сол маңайда жүрген кісілердің айтуынша, алғашында террорлық акт екен деп ойлаған адамдар оқиға орнынан жан-жаққа қаша бастаған. Жарылыстың қуатты болғаны соншалық, ғимараттың терезелері сынып, қабырғасының кей бөліктері опырылып түскен. Жерге құлаған бөлшектер төменгі қабаттағы дүкендер мен автокөліктерге зақым келтірді. Бірнеше адам жеңіл жараланған. Абырой болғанда, апаттан қаза тапқандар немесе ауыр жараланғандар жоқ. Дәл жарылыс болған тұста цехтағы жұмыс уақыты аяқталып, сонда жұмыс істейтін 20 адам да үйлеріне кеткен екен.
Қазір арнайы қызметтер жарылыстан келген шығынды есептеп, оқиғаның адам кінәсінен, әлде техникалық ақаудан болғанын анықтап жатыр.
Еске салайық, осындан дәл екі ай бұрын Ыстамбұл орталығында бомба жарылып, 6 адам қаза тапқан болатын.
Айдос Әшімұлы