Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының тұрғындары жанармай сапасына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданының тұрғындары жанармай сапасына шағымданды

13.01.2023

Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданының тұрғындары бензин сапасының нашарлығына шағымданды. Айтуларынша, соның кесірінен ұзын саны 200-дей адамның көлігі от алмай, бұзылып қалған. Оралдан 500 шақырым қашықта орналасқан аудандағы жалғыз жанармай құю бекетінде жағдай соңғы екі аптадан бері оңалмай тұр. Тұрғындар АИ-92 маркалы бензинге арзан дизель отыны араласқан болуы мүмкін, дейді. Аудан әкімдігі де бұл жағдайды растады. Барлық мемлекеттік, жеке мекемелер осы жалғыз бекеттен жанармай алады.

Арман Малаев, Жәнібек ауданының тұрғыны:
200 литр, 100 литрлеп алып, зардап шеккендер бар. Өз басым 27-сі күні түске дейін де түстен кейін де май құйдым. Бірақ көлігім бұзылды. Картерге жағармай айдап жіберді. Содан майын ауыстырдым. Ол кезде жанармайдан деп ойлаған жоқпыз. Чек алмаған кісілердікін қайтарып бермейміз деп, мойындамай отыр. Бірақ күні бүгінге дейін чек беріп көрген жоқ олар.
Тұрғындар прокуратураға арыз жіберген. Негізі жеке серіктестік иелігінде облыс бойынша 29 жанармай бекеті бар. Бензинді Атырау мұнай зауытынан алады. Жанармай бір көлікпен барлық ауданға бірдей жеткізіледі. Даудың неге тек Жәнібек ауданында туындап отырғанын өздері де білмей отыр.

Серік Исалиев, серіктестік директорының орынбасары:
Қазір 14-15 адам тапсырды құжаттарын, бәрінің ақшаларын өндіреміз. Чектарын сақтамаған, алмағандарға қалай қайтарамыз, біз алған, алмағанын білмейміз ғой. Дәлелдемесе, өндіре алмаймыз. Видеобақылау істемей тұр. Сараптама берілді, бензин нормаға сай дейді.
Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу