Ресей Ереванды айыптады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей Ереванды айыптады

13.01.2023

Мәскеу мен Ереван арасында тайталас күшейіп келеді. Ресей сыртқы істер министрлігі Арменияны Таулы Қарабақ мәселесі бойынша Әзербайжанмен келіссөздерді тоқтатты деп кінәлады. Алайда премьер-министр Никол Пашинян үкіметінің мәлімдеуінше, аймақта мұндай жағдайдың қалыптасуына Бакудың Лачин дәлізін жабуы себепші.

Айта кетсек, бұл дәліз – Қарабақ армяндарын Армениямен байланыстыратын жалғыз ғана жол. Оны өздерін «экологиялық белсенділер» деп атаған топ бір айдан бері бөгеп тұр.

Ресми Ереванға сенсек, Әзербайжан үкіметі армяндары өңірден ығыстыру үшін осы акцияны әдейі ұйымдастырды. Ал Бакудың хабарлауынша, жолды бөгеген адамдар Қарабақтағы армяндардың кен орындарын заңсыз игеруіне наразылық білдіріп жатыр.

Әзербайжан әскері Таулы Қарабақтың айтарлықтай бөлігі мен оның айналасындағы жеті ауданды 2020 жылғы соғыста қайтарып алды. Ал осыдан бірер күн бұрын президент Ильхам Әлиев Қарабақ армяндарынан не Әзербайжан азаматтығын қабылдауды, не өзге жаққа көшуді талап еткен еді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу