Санкт-Петербургтегі жарылысты ұлты қырғыз Ресей азаматы жүзеге асырған болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Санкт-Петербургтегі жарылысты ұлты қырғыз Ресей азаматы жүзеге асырған болуы мүмкін

04.04.2017

Санкт-Петербургтің «Сенная алаңы» метро станциясы қайта жабылды. Себебі, «Рейтер» агенттігінің хабарлауынша, белгісіз біреу телефон шалып, бүгін тағы шабуыл жасалатынын ескерткен.

 

Метрополитен таңертең қайта ашылған-ды.  Ал, дүйсенбідегі терактіден қаза тапқандар саны 14-ке жетті. 49 адам ауруханада жатыр. Зардап шеккендердің ішінде Тәжікстан, Беларусь және Өзбекстан азаматтары бар. Ал, Санкт-Петербург тұрғындары «Сенная алаңы» метро станциясының кіреберісіне гүл шоқтарын қойып жатыр. Сонымен қатар, қалада үш күн қаралы деп жарияланды.

 

Соңғы ақпаратқа сай, Ресейдің мәдени астанасындағы жарылысты ұлты қырғыз Ресей азаматы жүзеге асырған болуы мүмкін. Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, ол - Ош қаласының 1995 жылғы тумасы Акбаржон Джалилов. Қазір екі елдің арнайы қызметі осы іс бойынша бір-бірімен үздіксіз байланыста.

 

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу