ШҚО-да бала туу көрсеткіші артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да бала туу көрсеткіші артты

13.01.2023

Шығыс Қазақстан облысында соңғы 3 жылда демографиялық өсім байқалады. Өткен жылы өңірде 9 мыңға жуық сәби дүниеге келген. Бұрын бала туу көрсеткіші ауылда жоғары болса, соңғы 5 жылда қалада жақсарған. Бұл үрдісті әлеуметтанушылар ішкі көші-қонмен, яғни қала тұрғындарының қоныстану тығыздығымен байланыстырады. Оған қоса соңғы 2-3 жылда жаңа туған нәрестелерге мемлекеттен төленетін әртүрлі жәрдемақының өсуі де оң ықпал еткен. 

Әсем Ыбырайымова жақында ғана үшінші сәбиін дүниеге әкелген. Жас ана биылдан бастап бала күтіміне байланысты берілетін декреттік демалыстың ұзарғанына қуанып отыр. Өйткені өзі тәріздес бюджеттік немесе мемлекеттік салада қызмет ететін жас аналар үшін бұл үлкен көмек.

Әсем Ыбрайымова, Өскемен қаласының тұрғыны:

Қазір енді 1 қаңтардан бастап бір жарым жасқа дейін жәрдемақы төленеді. Бұл мемлекет тарапынан үлкен көмек. Бұрын бір жыл болса, қазір бір жарым жасқа дейін. Енді үш жасқа дейін үлкейтеді деген үміт бар.

Үміті ақталарына сенеді. Өйткені мемлекет соңғы 3-4 жылда денсаулық пен әлеуметтік саланы әлдендіруге нақты бетбұрыстар жасады. Мәселен былтыр Шығыста ана өлімі мүлде тіркелмеген. Бұл демографияға да оң әсерін тигізді.

Серікбол Күркімбаев, облыстық Ана мен бала орталығы бас дәрігерінің орынбасары:

2021 жылы қатты көтерілді босану. 16 процентке жоғары көтерілді. 2022 жылы 13 процентке төмендеді. Көреміз 2023 жыл қалай болады? Жаңа ғана басталды. Статистика бойынша,  былтырғы 2022 жылы да көрсеткіштер жақсарды. Ана өлімі болған жоқ бізде. Бала өлімі де азайды.

Дамыған елдерде экономикалық өсім мемлекеттің халыққа жасайтын қамқорлығы және сол елдегі тұрғындардың өмір сүру ұзақтығымен өлшенеді.

Алты баланы өмірге әкеліп, бағып-қағып отырған Тұрсынай Байбалыққызы мемлекттен берілетін жәрдемақы бұрынғымен салыстырғанда қазір әжептәуір өскенін айтады. Күміс алқалы ана былтыр ай сайын 76 мың теңге жәрдемақы алса, осы қаңтардан бастап бұл сома 82 973 теңгеге өсті.

Тұрсынай Байбалық, көпбалалы ана:

82 000 деген ондай бір көп ақша емес. Десе де, Құдайға шүкір, тәуба дейміз. Жыл сайын ақырындап өсіп келе жатыр. Адам мемлекеттің капиталы. Бала осы мемлекттің әрбір кірпіші, болашағы деп білем.

Болашақ бүгіннен басталады. Дені сау ұрпақ ұлттың келешегі болып қалыптасу үшін әлеуметтік сала әлі де әлденуі тиіс. Сонда ғана демографиялық ахуал оңалмақ. Өңірде соңғы үш жылда бала туу көрстекіші айтарлықтай өскен.

2020 жылы 22 514, 2021-де 23061, ал 2022 жылы 8731 нәресте дүниеге келген. Статист мамандар негізінен қаладағы ахуал жақсы дейді. Өйткені тұрғындардың қоныстау тығыздығы демографияға тікелей әсер етеді.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу