Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын ұстануды жалғастырады - Ғалымжан Пірматов - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын ұстануды жалғастырады - Ғалымжан Пірматов

15.01.2023

Ұлттық банк Ресей мен Қазақстан арасындағы теңге мен рубльдің тұрақтылығын сақтау және конвертациялау туралы келісімді бұзу туралы қаулының жобасын жариялады. Бұл келісімге екі ел үкіметтері мен орталық банктері 1995 жылы қол қойған еді. Құжатта 9 бап бар. Енді ол өзекті емес деп жазыпты қаулы авторлары. Себебі ортақ экономикалық кеңістік аясында осы мәселелерді реттейтін өзге келісімшарттар қабылданған. Бұл шешім елдегі ақша-кредит саясаты мен валюталық операцияларға қалай әсер етеді? Жалпы теңге бағамына әсер ете ме? Серік Селеубайұлы зерттеп көрді.

Кез-келген валютаның нығаюы сауда балансына тікелей байланысты. Яғни елдің экспорты мен импортының қатынасы ұлттық валютаға әсер етеді. Қазақстанда былтырғы 9 айдың қорытындысы бойынша сауда балансының профициті 29,2 миллиард АҚШ доллары болды. Бұл теңгенің құнсыздануына алып келді. Сыртқа сататын негізгі тауар мұнайдың бағасы да ұлттық валюта тұрақтылығына әсер етеді.

Айбар Олжай, сарапшы:
Мұнай бағасы төмендеп бара жатса, тиісінше бізде инвесторлар теңгені көбірек сата бастайды. Риск пайда болады. Ал егер мұнай бағасы күшейіп жатса, демек Қазақстанның экспорттық мүмкіндігі жоғары. Онда теңгенің әлеуеті өсе бастайды.

Теңгенің құнсыздануына әсер ететін тағы бір фактор – доллар бағамы. Экономист Мақсат Халық Американың федералды резервтер жүйесі ұлттық валютасының пайыздық мөлшерлемесін өзгертуі де әлемдегі экономикалық балансты өзгертетінін айтады.

Мақсат Халық, экономист:
Доллар бірінші кезекте резервті бес валютаға қатысты құнын күшейтеді. Ол британдық фунт-стерлинг, Жапонияның иенасы, евросы бар Европаның және Қытайдың юані. Осы бес валюта қалай құнсызданады өзге дамушы елдердің валютасы артынан құнсызданып кететін үрдіс бар.

Сонымен қатар геосаяси жағдайды да атап өту керек. Былтыр Ресей мен Украина арасындағы жағдай шеленіскендіктен, сауда жолдары үзіліп, Қазақстанның экономикасы шатқаяқтап қалды. Ұлттық банк бірнеше рет базалық мөлшерлемені көтеріп, инфляцияны тежеуге тырысты.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Ұлттық банк инфляциялық таргеттеу саясатын ұстануды жалғастырады. Биыл инфляциялық қысымның төмендеуін күтеміз. Бұған 2022 жылы базалық мөлшерлемені көтерудің оң әсері ықпал ететін болады. Біздің 2023 жылғы негізгі міндетіміз инфляцияны тұрақты түрде төмендету, орта мерзімді перспективада нысаналы бағдар деңгейіне қайтару.

Ұлттық банк төрағасы сыртқы шоктар болмаса, екі тоқсан бойы базалық мөлшерлеме өзгермейтінін мәлімдеді. Өйткені қазіргі инфляция деңгейі бұрынғы қабылданған шешімдерде ескерілген. Бірақ теңге бағамына көрші елдердегі валюта құны да әсер етеді.

Соңғы кезде Қазақстанның Қытаймен де тауар айналымы артқан. Сондықтан Қазақстанға юаньның да тұрақтылығы керек. Дегенмен Еуразиялық экономикалық одақтағы негізгі сауда серіктесі Ресейдің әсері көбірек.

Айбар Олжай, сарапшы:
Қант дағдарысы неден шықты? Біз ылғи Ресейден қажетті көлемде қантты импорттап отыратынбыз. Ресей өз нарығын қорғау салдарынан қымбатшылық боп кетпес үшін өзінің қант экспортын жапқанда бізге бірден ол қиындықтар сезілді. Дүкен сөрелерінен қант жоғалып кете бастады. Қантқа қатысты алып-сатарлар пайда болды.

Азық-түлік бағасының өсуіне негізінен пандемиядағы шектеулер әсер еткен. Қазір логистикалық тізбектер қайта қалпына келе бастаған.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:
Әлемдегі азық-түлік бағасы туралы айтатын болсақ, бағаның өсу қарқыны төмендеп жатыр. Бірақ баға әлде де өте жоғары. Жаңағы FAO азық-түлік индексінің, мен айтып өткендей, өткен жылдың желтоқсан айында жылдық мәні бойынша бір пайызға ғана төмендеді.

Сонымен қатар, қазір рубльдің құнсыздануы мүмкін деген де болжам бар. Сарапшылар бұның Қазақстан үшін жақсы да, жаман да жағы бар екенін айтады.

Мақсат Халық, экономист:
Бір жағынан қарағанда оның пайдалы тұсы, Ресейден келетін тауарлар кішкене арзанырақ болып келеді. Халық үшін белгілі дәрежеде жақсы болуы мүмкін. Ал екінші жағынан қараған кезде бұл белгілі дәрежеде қайтадан Қазақстан экономикасының Ресейге қарай байлануына одан ары ықпалын тигізуі мүмкін.

Рубльге қатысты ескеретін тағы бір жайт бар. Мобилизациядан қашқан ресейліктердің Қазақстанға келуі отандық банктерде бұл валютаның массасы көптеп жиналуына алып келді. Ал рубль құнсызданса, қаржы институттары валютаны қайта есептеуге мәжбүр болып, үлкен шығынға ұшырайды. Өйткені рубльді Ресейден басқа мемлекет төлем бірлігі ретінде қабылдамайды.

Айбар Олжай, сарапшы:
Ресейден тағы да тауарларды алуды көбейту, оған деген импорттық тәуелділікке қайтадан өз тарапымыздан бару сияқты артық қимылдарды туғызуы мүмкін. Сондықтан біздің ішкі валюта нарығында белгілі бір баланс болуы үшін, бір валютаның көбейіп кетпеуі үшін бізде Ұлттық банк ара-арасында рубльді сыртқа шығаруға рұқсат беріп отырады.

Осылайша, Ұлттық банк артық ақша массасынан дер кезінде құтылып, теңгені тұрақтандыруға талпынады. Бірақ ұлттық валюта бағамы бірінші кезекте халық пен нарық қатысушылары қабылдаған шешімге байланысты құбылып тұратынын да ескеру керек.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу