McDonald’s Қазақстаннан неге кетті? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

McDonald’s Қазақстаннан неге кетті?

15.01.2023

Әлемге танымал жылдам тамақтану желісі Қазақстанда 6 жыл жұмыс істеді. Ел бойынша 24 мейрамхана ашып, 2 мың адамды жұмыспен қамтыды. Ал мұндай брендтің елден кетуі инвестициялық тартымдылыққа теріс әсерін тигізеді, - дейді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Осындай ірі халықаралық брендтің елімізде болғаны ол негізі жақсы. Неге десеңіздер, ол инвестициялық климаттың жақсылығын көрсетеді. McDonalds-тың қазіргі нарықтан кетуі әрине біздің иммиджіміз үшін кері әсерін тигізеді.

Ал Үкімет қазір өзіміздегі брендтерді жабу емес жаңаларын тарту жолында ауқымды жұмыс бастағаны белгілі. Ресейдегі өндірісін тоқтатқан 350-ден астам компанияға Қазақстанда жұмыс істеу туралы ұсыныс жасады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі:
Бұл жағдай біздегі ет өндірісі, жалпы ауыл шаруашылығы саласындағы проблемаларды ашып көрсетті. Бұдан сабақ алып, болашақта кез-келген саланы дамытқан кезде сала ішілік бағыттарға да ерекше назар аударуымыз қажет екенін көрсетті.

Ал ауыл шаруашылығы министрлігі McDonalds-тың етке деген сұранысын қамтамасыз ете алатын мүмкіндік бар. Тек олардың талабы тым жоғары дейді.

Дамир Аспан, ҚР АШМ ресми өкілі:
Котлетті дайындаған кезде арнайы бір қоймасында дайындау керек. Арнайы бір технология сақталуы керек деген секілді. Ал олардың барлығына не керек, инвестиция керек. Инвестицияның өзі қазіргі біздің ақпаратымыз бойынша кем дегенде 5 млн доллардың көлемінде.

Ал сол 5 млн доллардың құрылғысымен өңделген етті 24 мейрамханаға ғана сатса қайтарымы тым аз болады. Сондықтан кәсіпкерлер бұл бағытта жұмыс істеуге құлықсыз көрінеді. Ал жалпы, ірі компанияның елден кетуі Қазақстанға ғана емес, шетелдік инвесторларға да сабақ дейді министрлік өкілі. Енді олар тауарын өзге ел арқылы емес тікелей Қазақстанға құюға тырысады.

Дамир Аспан, ҚР АШМ ресми өкілі:
Ресейге салынған инвестиция қазір ол жерде ақталмады. Яғни ол жердегі тауарды біздің елімізге әкеле алмайды. Енді бизнес ретінде олар да ойланады. Қазақстанға әкеп осы жерге инвестиция салған дұрыс па? Жоқ әлде проблемасы көп басқа да мемлекеттерге салған дұрыс па?

Сыртқы істер министрлігінің берген мәліметі бойынша қазір Ресейдегі қызметін тоқтатқан 362 компанияны елге тарту жұмысын жүргізіп жатыр. Оның 61-мен келісім жасалды. Ал 21 ұйым Қазақстанда жұмысын бастап кеткен. Араларында «Honeywell», «InDriver», «Ural Motorcycles», «TikTok», «Knauf», «Great Wall Motors», «АвтоВАЗ», «Alstom» сияқты алпауыттар бар.

Қазақстанға әсіресе ІТ саласындағы компаниялар құмар. Бір ғана Astana Hub халықаралық технопаркіне мыңнан астам компания тіркелсе, оның 200-ден астамы шетелдік.

Жансая Қалабекова, Astana hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің қатысушыларды қолдау офисінің бас менеджері:
Осы технопаркімізді барлық стартаптарға қолайлы етуге тырысамыз. Сондықтан олардың байқағаны келгендердің бюракратия аз. Біздегі қоятын талаптар өте орынды. Өздері келген жерлерінде барлығы олай емес. Тек қана қағаз жағынан ғана сұрай береді.

Андрей Черноусовтың компаниясы мобильді қосымшалар мен түрлі сайттар жасаумен айналысады. Мәскеуде отырып әлемнің әр түкпірінен тапсырыс қабылдайды. Алайда, геосаяси жағдайға байланысты батыстағы нарықтан бірақ күнде қол үзіп қалдық дейді ол.

Андрей Черноусов, «Вебтроника» ЖШС құрылтайшысы:
Осы жаққа көшкелі Қазақстандық компаниялардан 2, және Германиядан 1 ірі тапсырыс алдық. Ресейде отырып жұмыс істегенде мұндай мүмкіндік болмайтын еді. Релокация алғашқы жемісін де бере бастады. Тапсырыстан бөлек мемлекет тарапынан беріліп жатқан қолдаулар да бізге ұнап жатыр.

Компаниялар Ресейден кетуге мәжбүр болғанымен 140 миллион тұтынушысы нарықты жоғалтқысы келмейтіні анық.

Сапарбай Жобаев экономист:
Ресейдің көрші әсіресе Грузия, Армения, Әзірбайжан сияқты мемлекеттеріне релокация дейміз ғой. Өздерінің өндірісін өзгертіп жатыр. Себебі ол жердің арасы өте жақын. Олар болашақта Ресейдің нарығын жоғалтқысы жоқ.

Ал жаңа бағытта, жаңа нарықта дамуды көздегендер орталық Азияны зерттеуге кіріскен.

Статистика бойынша Қырғыз Республикасы мен Тәжікстанның инвестициялық климаты қолайсыз. Түркменстан мүлде жабық саясат ұстанады. Таңдауда тек Қазақстан мен Өзбекстан бар.

Сапарбай Жобаев экономист:
Amnesty international деген коррупцияны тексеретін дүниежүзілік ұйым бар. Ең анық. Бүгінгі күнде 180 мемлекет қатысады. Соның ішінде Қазақстан 102-орында 2022 жылғы нәтиже бойынша. Өзбекстан өкінішке орай 140-орында. Яғни ең коррупцияға жақын. Осыны білген шетелдік компаниялар Өзбекстанды экономикалық тиімділігі бойынша таңдайды да олардың жағдайын осылардың барлығын тексеріп көргеннен кейін олар Қазақстанға қарай бет бұрады.

Қазір Орталық Азияның халық саны 80 миллионға таяп қалды. Сәйкесінше нарықтың тартымдылығы да артып келеді. Осы өңірге құйылған инвестицияның 60 пайыздан астамы Қазақстанға тиесілі. Осы межеден төмендемеу үшін билік бар мүмкіндікті пайдалануы керек дейді экономист.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу