Жас дарындар мемлекеттік стипендия иегері атанды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас дарындар мемлекеттік стипендия иегері атанды

16.01.2023

Мемлекеттік стипендияны табыстау елорда төрінде де жалғасты. Марапат алғандар қатарында сәулетші, Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен драматург Алтыншаш Жағановалар бар.

Басқосуда Ерлан Қарин соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар жайында жан-жақты айтты. Әсіресе, қоғамдық-саяси, әлеуметтік жаңғыру жұмыстарын атап өтті. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан әдебиет пен өнерді қолдауға қатысты атқарылған шараларға тоқталды.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Кеңесшісі:

22 жыл қазақ руханияты, әдебиеті, тарихы мен өнері үшін де өте маңызды жыл болды. Әдебиет және өнер қайраткерлерін қолдау, ынталандыру мақсатында «Дала дауысы», «Ұмай», «Айбоз» сияқты әдеби-мәдени сыйлықтар ұйымдастырылып, жыл аяғында өз иелеріне табысталды.

Өркениетті елдер ең алдымен тарихымен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен мақтанады. Төл мәдениеті арқылы танылады. Қайталанбас өнерімізді Еуропаға паш етіп, Канн кинофестивалі сыйлығын жеңіп алған жалғыз қазақ қызы Самал Еслямова да марапатқа лайық деп танылды.

Самал Еслямова актриса, мемлекеттік стипендия иегері:

Біз үшін өмір – өнер деген. Өте ризамын, елім, жерім, өзімнің республикам осындай марапат сыйлап жатыр екен. Әрине қуаныштымын. Ризамын. Қазақтың өнері жасай берсін!

Мәдениет - ұлттың мәйегі. Бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы мен парасаты. Мемлекеттік кеңесші 2023 жылы руханият, әдебиет пен өнер бағытында маңызды даталардың көп екенін айта келіп, зиялы қауым өкілдерін биыл қолға алынатын жұмыстардың жай-жапсарымен де таныстырды.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу