Ұлытау және Батыс Қазақстан облыстарында ауылға бөлінген қаржы нашар игеріліп жатыр. Соның салдарынан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қолға алынған нысандар мен жұмыстарды жүзеге асыру баяу. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Өткен жылдары жоба шеңберінде тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салалары бойынша жалпы құны 326 млрд теңге болатын 4 мыңға жуық жоба іске асырылған. Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарында жобаларды пайдалануға беру қарқыны жақсы. Бес жылда әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың бәрін Өңірлік стандарттар жүйесіне сай дамыту жоспарланып отыр. Үкімет отырысында 2027 жылға қарай ауылдық елдімекендерде судың сапасы мен жолдардың жағдайы жақсарып, инженерлік желілер жөнделетіні айтылды. Әлеуметтік, мәдениет және спорт объектілері салынады. 40 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Дарын Сағитов