Елімізде бизнесті дамытуға кедергі келтіретін негізсіз талаптар екінші жартыжылдықта алынып тасталуы мүмкін. Қазір қажетсіз, ақылға қонбайтын ережелерге шағымданып жатқан кәсіпкерлер көп. Көбі бизнесті тексеруге енгізілген мараторий аяқталса айыппұлдан айыппұл арқалаймыз ба деп қорқып отыр. Өйткені мемлекет тарапынан енгізілген талаптарды сақтау мүмкін емес дейді.
Гүлбану Майғарин тез тамақтану желісінің негізін қалаушы. Қытайлық әдіспен кеспе жасайды. Клиенттері үзілмейді, ісі алға басып келеді. Тіпті франшиза сұрап, брендін пайдаланатындар көбейген. Сөйтіп ресторан саны 50-ге жеткен. Бірақ мемлекет тарапынан бизнесті тежейтін негізсіз талаптар көп дейді.
Гүлбану Майғарин, ресторатор:
Негізі тәртіп бойынша жұмыс істейтін болсақ Қазақстандағы бүкіл ресторандар жабылып қалуы керек. Өйткені раковинаның өзі қол жуатын біреу, ыдыс жуатын біреу болуы керек. Жұмыртқаны сақтауға қатысты, тоңазытқышқа қатысты талаптар көп. Оның бәрі жұмыста іске аспайды. Соны алып тастағанда жұмысымыз жеңілденеді. Негізі қазір мараторий жарияланған. Ертең ол алынған кезде қиын болады.
Мараторий алынса қиын болады деп алаңдап отырған Гүлбану ғана емес. Кәсіптің қай саласында да ақылға қонбайтын талаптар жетерлік.
Бизнес омбудсмен бұл жайлы жақсы біледі. Рустам Жүрсінов қазір кәсіпкерлерге қатысты 90 мыңға жуық талап бар дейді. Көбі кеңес үкіметінен қалған. Орынсыз.
Рустам Жүрсінов, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл:
Мысалы санитарлық талаптарды алайық. Сонда тоңазытқыштардың биіктігі 2 метр 70 сантиметр болуы керек делінген. Оның биіктігінің қандай қатысы бар? Абсурд қой бұл. Тіпті күлкілі. Тағы бір мысал. Кафелерде жұмыртқаны жуатын, сақтайтын және пісіретін үш бөлме болуы керек. Жұмыртқаға үш бөлменің керегі не?
Рустам Жүрсіновтың айтуынша соңғы екі жылдан бері талаптар сүзгіден өтіп, осындай қажетсіз, пайдасынан зияны көп ережелер анықталып жатыр. Кейін олар толық алынып тасталмақ. Үкімет басшысы бұл жұмысты жалғастыра беру керек дейді.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Қазір 10 мыңға жуық қажетсіз талап анықталды. Олар бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отыр. Сондықтан алып тастау керек. Бұл шағын және орта бизнестің тынысын ашып, кәсіпкерлікті дамытуға жаңа импульс береді.
Досжан Маратұлы, тілші:
Десе де 10 мыңға жуық талапты бір күнде алып тастау мүмкін емес. Оның әрқайсысы нормативтік құқықтық актімен, Үкімет қаулысымен бекітілген. Сондықтан көптеген заңға түзетулер енгізу қажет. Бизнес омбудсменнің айтуынша бұл жұмыстар маусымға дейін аяқталуы тиіс.
Досжан Маратұлы