Қазақстан мен БАӘ арасында тауар айналымы артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен БАӘ арасында тауар айналымы артады

18.01.2023

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері тауар айналымын 1 миллиард долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Президенттің осы елге ресми сапары кезінде белгілі болды. Абу-Дабиде инвестициялық жиынға қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев, арадағы қатынас 30 жылдан бері жоғары деңгейде жалғасып келе жатқанын айтты. Президенттің сөзінше, БАӘ Қазақстанға шамамен 3 миллиард доллар инвестиция құйды, ал Қазақстан бұл елге миллиард доллардан астам қаржы салған.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біздің еліміз ауыл шаруашылығы саласындағы серіктестікке үлкен үміт артып отыр. Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оны БАӘ нарығына жеткізуге дайын. Әмірліктердің Қазақстанда бұрыннан жұмыс істеп жатқан және басқа да кәсіпорындарын тамақ өнеркәсібіне инвестиция салуға шақырамыз.

Әлемдегі геосаяси жағдай көлік-логистика жүйесіне кері әсер етіп жатыр. Соның салдарынан тауар тасымалын балама бағыттар арқылы жүзеге асыру, қазір өзекті мәселеге айналды. Президент Қазақстанның сапалы жолдарға мұқтаж үлкен мемлекет екенін айта келе, бірқатар транс шекаралық логистикалық орталық салынатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Көршілерімізбен және Еуропалық Одақпен бірлесе отырып, «Цифрлық көлік дәлізін» құру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біздің мақсатымыз – кедергілердің бәрін жою және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік бағыттарын қауіпсіз түрде байланыстыру. Өзара қарым-қатынастардың дамып, нығаюы Әмірліктер компанияларына пайдалы болатыны сөзсіз. Сондықтан елімізде теңіз және порт инфрақұрылымын құру жөніндегі Abu Dhabi Ports компаниясымен ынтымақтастығымызды толық қолдаймын.


Хабарламаларға жазылу