Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құн индексін бекітті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құн индексін бекітті

18.01.2023

Жол халық үшін емес, жолшылар үшін жөнделетін сияқты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов осылай деді. Жиында шенділер өткен жылды қорытындылап, биыл орындалуға тиіс жобаларға тоқталды.

Құрылысшылардың жұмыс бағасын аспандатуына енді жол жоқ. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құн индексін бекітті. Министрдің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың айтуынша, құрылыстағы сметалық құнның өсуіне жол бермеу үшін жобалау-сметалық құжаттамадан прайс-парақтар алынып тасталған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қолайлы қоғамдық кеңістіктер мен инфрақұрылымды қалыптастыру үшін қалаларды кешенді салудың стандарттары әзірленді.

Еркебұлан Дауылбаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары:
Сметалық бағаның қымбаттауына жол бермеу үшін бірыңғай сметалық бағалардың жинақтары әзірленді. Бұл өз кезегінде сметалық құжаттаманы дайындау процесін жеңілдетіп, оның сараптау процесін оңтайландыра түседі. Сонымен қатар, білім беру және денсаулық сақтау нысандары құрылыстарының шекті құнын айқындайтын норматив бекітілді.

Жол құрылысы сапасын да арттыру үшін FIDIC шарттары енгізіледі. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, 2022 жылдың қорытындысында автожол саласында нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық желі бойынша 91 пайызға және жергілікті желіде 85 пайызға дейін ұлғайтылды.

Марат Қарабаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:
Биыл жалпы ұзындығы 10,5 мың шақырымдай жолда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жалғастырылады. Негізгі 50 нормативті құру арқылы қолданыстағы 1200-ден астам салалық норматив оңтайландырылды. Автожол жобаларын ЕРСМ-келісімшарт қағидасымен іске асыру тәсіліне ауысу жүзеге асырылып келеді. Бұл бір орындаушыға жобаның толық өмірлік циклін жобалау сатысынан бастап, осы учаскені 10 жыл бойы күтіп ұстауға мүмкіндік береді.

Былтыр 11 мың шақырымнан астам жалпы қолданыстағы автожол жөнделген. Бірақ, Премьер-министр бұл жұмыстардың сапасына шағым көп екенін айтып, мәселені бақылауда ұстау керегін ескертті.

Әлихан Смайылов, Қазақстан Республикасының Премьер-министрі:
Тұтынушылар мен халық тарапынан жолдардың сапасына қатысты айтылатын сын өте көп. Үнемі жөндеуді талап етеді. Үнемі апат болып, адамдар мерт болады. Тіпті, жөнделген жолдардың өзінде кемшілік бар. Жөндеу жұмыстары халық үшін емес, жолшылардың өздері үшін жасалатын сияқты. Бұл мәселені ерекше бақылауда ұстау қажет. Проблеманы тиімді шешуге мүмкіндік беретін кешенді іс-шаралар керек.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысы 2030 жылға дейін 8 мың шақырым республикалық және 14 мың шақырым жергілікті жолдарды салу мен жаңғырту тапсырмасын жүктегенін атап өтті. Сондықтан жоспарланған жобаларды қаржыландыру тетігін реттеп, уақытылы орындалуын қадағалау керек.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу